Басты бетӘлеумет

Жастар және жұмыссыздық

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 263 мыңнан астам жас бар десек, олардың жұмыспен қамтылу деңгейі қай шамада деген заңды сауал туындайтыны анық. Себебі, жұмыссыздықтың ауылында жүрген жастарымыздың аз емес екені дәлелдеуді қажет етпейтіндей болып көрінетіні жасырын емес. Алайда Жамбыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, жастарды жұмыспен қамту шаралары бойынша біршама жұмыстар атқарылған екен.

Мәселен, үстіміздегі жылы жастар тәжірибесін, әлеуметтік жұмыс орындарын, жалпы бос жұмыс орындарын пайдаланып, 12003 адамды жұмыспен қамту белгіленіпті. Сондай-ақ, биыл 29 жасқа дейінгі 5223 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 1892 жас бос жұмыс орындарына орналасса, 1250 түлек жастар тәжірибесіне, 221 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған.

Қазіргі таңда қоғамда NEET жастар деген ұғым бар. Ол дегеніміз, оқымайды, жұмыс істемейді деген мағына береді. Осы санаттағы жастардың облыстағы көрсеткіші 10,7 пайызды құрайды. Жыл басынан бері өңірде 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 266 жұмыс берушіден 953 бос жұмыс орындарына ұсыныс түскен. Нәтижесінде 102 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар, «1035­і қысқа мерзімді, 97­і кәсіпкерлік негіздеріне оқытылса, 728 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 25­і тұрақты жұмыспен, 54­і уақытша жұмыспен қамтылса, 22­і қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданды», − дейді облыстық басқарма басшысы Мәди Мәтен.

Жалпы, жастардың жұмыспен қамтылуы өзекті мәселе екені сөзсіз, десек те олардың білім алуы да назардан тыс қалмауы керек. Осы тұрғыдан алатын болсақ, бүгінде Жамбыл облысынан «Серпін-2050» жобасы бойынша 820 студент мемлекеттік грантты иеленіп, еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар сияқты Батыс Қазақстан, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында білім алуда.

Жалпы, жастар − еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан жастарымыздың бәсекеге қабілетті, өркениетке бейім болуы керек екені сөзсіз. Осыны ескерген Елбасы жастарға қашанда қамқорлық көрсетіп, білімді азаматтарды қолдап келеді. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау барын сезінген бүгінгі жастар да осал емес екенін айта кеткеніміз жөн болар. Яғни бүгінде қазақ қоғамында өзіндік пікірі бар, айтарлықтай жетістіктерге жеткен жастардың шоғыры қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз. Қазірде биік белестерді бағындырып, өзін-өзі дәлелдеген азаматтар аз емес және ондай жастар барлық салада бар. Мемлекет қамқорлығы демекші, осыдан бірнеше жыл бұрын өңірлерден жастар саясаты мәселелері басқармасы құрылып, осы салада біршама оңды шаруалар атқарылып жатқаны қуантады. Десек те, өңірлерде жүрген жастардың жай­күйі қашанда назарда тұруы тиіс деп ойлаймыз. Әсіресе жергілікті жерлердегі жастар не істеп жүр деген сауал күн тәртібінен түспей, жіті бақылауда болғанда және мемлекет тарапынан қолдау барынша нәтижелі жүргізілгенде ғана алға жылжу болатыны анық.

«Aqparaq» порталы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close