Басты бетЭкономика

Сарысу ауданында ас тұзы өндіріледі

Астана қаласының мерейтойына орай «20 жылдыққа – 20 нысан» акциясы аясында Жамбыл облысының бірқатар аудандарында кәсіпкерлік нысандар ашылып, өз жұмысын бастады. Солардың бірі – Сарысу ауданындағы ас тұзын өндіретін және өңдейтін «Асыл тұз» компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы құны 710 миллион теңгені құрайтын жобаның құрылысы облыстың кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген және өндірістік қуаттылығы жылына 50 мың тоннаны құрайды.

Бұл өндіріс орнының іске қосылуы ауданның ғана емес, өңірдің де әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететініне сенім білдіріп отырған жергілікті билік ас тұзын шығаратын кәсіпорында 75 жаңа жұмыс орны ашылғанын айтып отыр. Сонымен қатар, аталған кәсіпкерлік нысан тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік жағдайды жақсартуға да оң әсерін тигізеді деген сенім бар.

Қазіргі таңда аудан орталығынан 200 шақырым жердегі Жайлаукөл немесе Шығанақтағы кен орындарынан тұз тасып жатқан серіктестік, алдағы уақытта жақын жерлердегі тұз кендерін барлау және игеру жұмыстарын бастайтын болады. Жалпы, аталған серіктестіктің басты мақсаты – шикізат көлемін ұлғайту. Сол арқылы өндірістің өрісі кеңейіп, қуаты артатын болады.

Бүгінде Ресей мен Украинадан құрылғылар әкелініп, зауыт толығымен автоматтандырылған. Өндіріс орнының тұз сақтайтын өз қоймасы бар. Цех басшысы Жандос Шұғаевтың айтуынша, өндірілген ас тұзын Жамбыл облысынан бөлек, Қарағанды облысына және көрші Қырғыз Республикасына экспорттау жұмыстары жолға қойылған. Осылайша осы уақытқа дейін «Қазфосфат» арқылы фосфор өндірумен, «ЕуроХим» арқылы химиялық тыңайтқыштарды өңдеумен аты шыққан Сарысу ауданы енді ас тұзын өндіруде.

«Aqparaq» порталы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close