Экономика

Құландағы алма бағы

Бүгінде елімізде алма бағын өсіруге үлкен көңіл бөлініп отыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды өзге азаматтармен қатар Т.Рысқұлов ауданының шаруалары да сезінуде.

Ауданда «Құлан агропаркі» интенсивті бауы егіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жалпы құны 26 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында екі мыңға жуық азамат алдағы уақытта жұмыспен қамтылатын болады. Өткен жылдан бастап аудан орталығы Құлан ауылында мердігер «ARNO AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 гектар жерге жылына 45 мың тонна өнім беретін үдемелі жеміс-жидек бауын отырғызу жұмыстарын бастап, күзде 200 гектар жерге шие ағашын отырғызған болатын.

«Агропарк Құлан» интенсивті бақша алаңына шие көшетін отырғызуды өткен жылдың қазан айында бастаған болатынбыз. Дәл қазіргі уақытта 100 гектар алқапқа Польша мемлекетінен әкелінген «Любская» тұқымды 166 мың түп шие отырғызылды. Көшетке барлығы 620 миллион теңге жұмсалды. Ауданда бау-бақшаны салуға толықтай жағдай жасалған, – дейді «ARNO AGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мақсат Қуанышұлы.

Бүгінде «Агропарк Құлан» интенсивті бауында 50-ге тарта жұмысшы бар. Ал 2020 жылға дейін ауданда 600 гектар жерге алма, 200 гектар жерге жаңғақ және 100 гектар жерге жүзім егу жоспарланып отыр. Егер жоба толықтай жүзеге асатын болса екі мың адам жұмыспен қамтылатын болады.

Қазіргі кезде Т.Рысқұлов ауданы мыңдаған гектар жерге көшет отырғызу жұмыстарын қолға алуда. Мәселен, Тереңөзек ауылынан 188 гектар жерге «KazAlma» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі интенсивті алма бағын отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Келешекте шағын ауыл аймағында алма өсірілетін болады.

Сатып алынған шие көшеттеріне бүгінде тамшылатып суару әдісі қолданылуда. Бұл мақсатқа несиелік қаржыландыру есебінен 386 миллион 160 мың 618 теңге жұмсалды. Польша питомнигінен 139 мың 944 дана көшет және «SolDrip» брендінің тамшылатын суару құралы алынды. Жобаны жүзеге асыруға Құлан ауылшаруашылығы колледжі өз үлестерін қосып отыр. Аталған жоба «Құлан агропаркі» интенсивті бауының алғашқы нысаны, – дейді Т.Рысқұлов ауданының әкімі Асқар Қырықбаев.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы ауданда 40 гектар алқапқа интенсивті алма бағын отырғызу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда тартылған инвестиция көлемі 1,2 миллиард теңгені құраған. Егер жоспар толығымен орындалатын болса аграрлық ауданның тұрғындары үшін бұл бастама табысты болары анық.

«Aqparaq» порталы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close