Басты бетЖаңалықтарМәдениет

Мәді күйшіге ескерткіш қойылды

«Жуырда Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Игілік ауылында күйші әрі композитор Мәді Шәутіұлының ескерткіші ашылды», – деп хабарлайды «Aqparaq» Ақпарат агенттігі.

Игілік ауылдық клубының алдынан бой көтерген күйші ескерткішінің ашылу салтанатына ауыл тұрғындарымен қатар, белгілі күйші, өнер зерттеушісі, «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, жоба авторлары ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, мүсінші Алтай Бейсенов, жазушы, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, дәстүрлі әншілер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева, күйші, өнертану ғылымдарының кандидаты Ербол Үсенбаев пен қобызшы Саян Ақмолда Алматы қаласынан арнайы келіп қатысты.

Мәдени оқиғаның шымылдығы ауыл тұрғыны, ақын Асхат Абзалбековтің Мәді Шәутіұлы рухына арналған арнау өлеңімен ашылды. Бұдан кейін аудан әкімі Балабек Нарбаев, жоба авторлары ақын Маралтай Райымбекұлы және Мәді бейнесін салған Алтай Бейсенов салтанатты жағдайда ескерткіштің лентасын қиды. Салтанатты шарада әуелі сөз алған аудан әкімі Балабек Нарбаев ауыл тұрғындарын бүгінгі мәдени оқиғамен құттықтады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру және Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл толған мерейтой аясында ашылып отырған күйші ескерткішінің болашақ ұрпақ үшін тағылымды бастама екенін атап өтті.

Бұдан кейін Игілік ауылдық клубында «Көненің көзі дәулескер – Мәді» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті. Аталған конференцияны Маралтай Райымбекұлы ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің өлеңін оқып ашып, Мәді күйші туралы тағылымды әңгімелер айтты. Сонымен қатар, бүгінгі шараға орай құттықтау жолдаған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің хатын көпшілікке оқып берді.  Конференция барысында Маралтай Райымбекұлының құрастыруымен биыл жарық көрген «Мәді» өмірбаяндық кітабының да тұсауы кесілді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close