Басты бетЖаңалықтарМәдениет

Таразда халықаралық сән апталығы өтуде

Таразда «Taraz – Aspara fashion week» халықаралық сән апталығы басталды, –деп хабарлайды «Ақпарақ» АА. Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Жамбыл облысы әкімдігінің және «Асыл Дизайн» сән үйінің бірлесе ұйымдастыруымен «Арай Плаза» кешенінде өткен салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова қатысты.

Гүлшара Наушақызы қонақтарды салтанатты шараның ашылуымен құттықтаса, өз кезегінде сөз алған Өзбекстан Республикасы Әйелдер істері жөніндегі комиссия төрайымының орынбасары Мукрам Нұрматова алдымен өзбек халқының ыстық сәлемін жеткізіп, Қазақ елінде өтіп жатқан сән апталығының маңыздылығына тоқталды. Ал Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов шетелдік азаматтарға алғысын жеткізіп, салтанатты шараның жоғары деңгейде өтетініне сенімін білдірді.

Жалпы, Тараз өңірінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Taraz – Aspara fashion week» халықаралық сән апталығы қазан айының 8-12 аралығында Жамбыл облысының аумағында өтеді. Бұл орайда әлемнің 19 мемлекетінен келген 30 сән дизайнері Әулиеата өңірінде өз шеберліктерін ортаға салады. Сонымен қатар, жамбылдық 55 қолөнер шеберінің еңбектері де шетелден келген қонақтардың назарына ұсынылады. Бұл көрмеде әулиеаталықтар әлемдік деңгейдегі сән үлгісінен хабардар болып қана қоймай, өздерінің қолдан жасаған түрлі бұйымдарын да шетелдіктерге жарнамалай алады. Бұдан бөлек, шетелдік туристер Тараз қаласындағы бірнеше нысанмен қатар, Ақыртас кешенінде және Айша бибі кесенесінде болады. Олар жалпы өңірдегі 11 тарихи орындарды аралап, ұлт тарихымен де кеңінен танысады. Апталық барысында халықаралық деңгейдегі 7, республикалық деңгейдегі 5 меморандумға қол қойылады.

Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, осы уақыт аралығында шетелдік қонақтар Әулиеата өңірінің тарихи жерлеріне саяхат жасап қана қоймай, «Төрткүл» кешенінде қазақтың ұлттық тағамдарымен де танысады. Ұлтымыздың ұлттық тағамдарын шетелдіктерге насихаттау мақсатында «Дәмді. Taraz – food tourism – 2018» ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close