Басты бетЖаңалықтарСаясат

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің пленарлық отырысына қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көшбасшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірді, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА «Ақорда» сайтына сілтеме жасап.

– Алғашқы тарихи съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ағартушылықты насихаттаудың маңызды екенін, сондай-ақ білім алудың қол жетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды.

Соңында Қазақстан Президенті съезд делегаттарының бәріне ашық та сындарлы диалог рухында табысты жұмыс істеуіне ниеттестік білдірді.

Пленарлық отырыс аяқталған соң Мемлекет басшысы Бейбітшілік және келісім музейінің экспозицияларын аралап көрді.

 

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close