Басты бетЖаңалықтар

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ШЕРХАН МҰРТАЗАНЫ АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында белгілі жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Жазушымен қоштасуға зиялы қауым өкілдерімен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов секілді белгілі тұлғалар келді.

Қаралы жиынға келген көпшілік алдында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқып берді. Бұдан кейін сөз алған зиялы қауым өкілдері Шерағаң туралы естеліктерін айтып, халқы үшін атқарған еңбегін еске алды. 86 жасында қайтыс болған қазақтың біртуар перзенті Шерхан Мұртаза Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленді.
Ш.Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін «Лениншіл жас» газетінің редакторы, «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды. Жазушының қаламынан туған «Мылтықсыз майдан», «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ әдебиетінің алтын қоры деуге болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close