Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

2025 жылға дейін 173 елдімекен көгілдір отынмен қамтылады

Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы 377 елдімекеннің 181-і газбен қамтылған. 2018-2025 жылдары қосымша 173 елдімекен көгілдір отынмен қамтылатын болады. Бұл туралы жуырда Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Басқосуда сондай-ақ өңірдегі елдімекендерді газдандыру жұмыстарына өткен жылы 525 миллион теңге бөлініп, 8 жобалық-сметалық құжаттама дайындалғаны тілге тиек етілді. Оның ішінде облысқа қарасты 6 ауданның 84 елдімекенін газдандырумен қатар, АГРС-1 және АГРС-2-ні қала сыртына шығару жоспарланған екен. Бұл жобалар іске асса облыстағы газдандырылған елдімекен саны 265-ке жететін болады. Яғни, нәтиже 70 пайызға көтеріледі. Ал газдандырылмаған 173 елдімекеннің мәселесін шешу мақсатында келесі жылдан бастап үш жылда бөліп қаржыландыру үшін еліміздің Энергетика министрлігіне газ әкелетін құбыр құрылысына 43 524 миллион теңгені құрайтын 11 жоба дайындалып, бюджеттік өтінім беріліпті. Оның ішінде құрылысын келер жылы бастау мақсатында 25 359 миллион теңге, ұзындығы 651 шақырымды құрайтын 8 жобаға өтінім берілген. Бұл туралы Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров баяндады.

Жалпы, бүгінгі таңда ауылдарды көгілдір отынмен қамту жайы ойдағыдай іске асып келеді. Әсіресе шалғай ауылдар үшін аса маңызды болып отырған бұл мәселе облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен қолға алынғаны қуантады. Ендеше, нәтиже көп күттірмейді деп ойлаймыз.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close