Басты бетЖаңалықтарӘлеумет

Облыста электр желілері бойынша бірыңғай оператор құрылады

Облыста бюджет есебінен салынған және коммуналдық меншікке алынған электр желілері бойынша бірыңғай оператор құрылады, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аталмыш мәселе бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында айтылған.

Жиында күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Н.Алдамжаров баяндама жасап, өңірдегі электр желілерімен қамтамасыз ету бойынша толық талдау жасалғанын жеткізген. Қазіргі таңда облыс көлеміндегі барлық электр желілерінің ұзындығы 17030,7 шақырымды құрайды. Ал қосалқы трансформаторлар саны – 3568. Оның ішінде: бюджет есебінен салынған және коммуналдық меншікке алынған  электр желісінің ұзындығы 3206 шақырым, «ЖЭЖ» ЖШС-нің теңгерімінде  электр желілері  13715, жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты  есебінен салынғаны 36,5, иесіз қалғандары  73,2 шақырым.

Басқарма басшысы облыстың электр энергиясын тұтыну көлеміне де тоқталып  өтті. Оның айтуынша, облыста қыс мезгілінде 460-490 МВт, жаз мезгілінде 330-350 МВт тұтынса, 58-60 пайыз сырттан тасымалданады. Қалған 40 пайызы облыстағы энергия  көздерінен алынады. Сондай-ақ, жиында 2007-2018 жылдар аралығында бюджет есебінен салынған қолданыстағы электр желілері мен трансформатордың қосалқы станцияларының  жартысына жуығы тозығы жеткені айтылып, құрылатын бірыңғай операторды «Таразтрансэнергия» МКК мекемесінің балансына беру бойынша шешім қабылданды. Айта кету керек, «Жамбыл Жарық Сауда-2030» ЖШС-нің хатына сәйкес,  ағымдағы жылдың 8 қазанынан бастап тариф жеке тұлғалар үшін 3,67 пайызға, заңды тұлғалар үшін 2,77 пайызға төмендеген. Яғни, жеке тұлғалар бойынша тариф  14,95 (тг/ кВтсағ)  теңгеден 14,4 теңгеге  арзандаған.  Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Өңір басшысы тарифтерді төмендету бойынша кешенді зерделеу жүргізу керектігін ескертіп, сол арқылы кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканы көтеруге болатынын баса айтты. Елбасы Жолдауындағы коммуналдық қызметтер, табиғи монополияларды реттеу, тарифтерді қалыптастыру міндеттері де осы бағыттағы жұмыстарға  негіз  болатынын айтқан Асқар Исабекұлы бұл бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close