Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА «ИДЕЯЛАР ЖӘРМЕҢКЕСІ» ӨТТІ

Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасында 8 қазан күні басталған «Жас кәсіпкерлер мектебі» жобасы аяқталды, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

18 бен 29 жас аралығындағы 65 адам қатысқан аталмыш жоба жастардың инновациялық және кәсіпкерлік потенциалын оятып, кәсіпкерлікке баулу, жас кәсіпкерлердің құзыреттік деңгейін көтеруге бағытталған. Жоба қатысушыларға кәсіпкерлік негіздерін, бизнес-жоспар дайындауда консультативтік қызмет көрсету, бизнес-жоспарларды қорғау алаңын ұйымдастыру, «Идея жәрмеңкесі» байқауын өткізуді көздейді. Қатысушылар оқу барысында бизнестің қыр-сырын меңгеріп, болашақта жүзеге асырғысы келетін жобаларын комиссия алдында қорғап шықты. Нәтижесінде 4 қатысушының жобасы іріктеліп алынды. Олар: «Кар-алма» тау-шаңғы курортында туристік қызмет көрсету; «Жамбыл облысының тозған және тұздалған жерлерінде фосфогипс және көң негізінде биомелиорант-өнімнің жаңа түрін енгізу»; «Фетрден әзірленген балаларға арналған дамыту кітапшалары мен ойыншықтарын өндіретін шағын цех»; «Пластикалық қалдықтарды қайта өңдейтін шағын цех». Комиссия мүшелерінің бірыңғай шешімімен 26 жасар Дәулет Егембердиевтің жобасы бірінші орынға ие болды және Гранттық қаржыландыру бағдарламасына ұсынылатын болады.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің докторанты Дәулет Егембердиев топырағы тозған егістік алқаптары мен тұздалған жерлерді қалпына келтіретін жаңа биемелорант ойлап тапқан. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісінде 2 миллион гектар егістік алқабының топырағы тозған. Тозған топырақты тиімді пайдалану үшін биомелиоранттар мен органикалық тыңайтқыштарды қолдану қажет. Бұдан кейінгі жоба − «Фетрден әзірленген балаларға арналған дамыту кітапшалары мен ойыншықтарын өндіретін шағын цех» ашу. «Жас кәсіпкерлік мектебінің» қатысушысы Сырғалым Тойбаева бүгінде декреттік демалыста. Бала күтімімен үйде отырған жас ана киізден балалардың ақыл-ойын дамытуға бағытталған түрлі ойыншықтар тіге бастаған. Кейін балабақшалар мен ата-аналар тарапынан сұраныс түсе бастағанын байқаған ол тапсырысқа ойыншықтар мен кітаптар тіге бастайды.

«Байқауда бағын сынаған әр қатысушының тыңғылықты дайындалғандығы көрініп тұр. Есеп-қисаптары, маркетингтік жағынан есептелуі, шығын мен кіріс, жүзеге асыру орны тиімді таңдалған, бизнес бастаудағы барлық жайттар жан-жақты қамтылған. Бұл ең әуелі Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренердің еңбегі», – дейді Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Диана Түкпетова.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close