Басты бетЖаңалықтарСаясатЭкономикаҚоғамӘлеумет

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев  Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Бақытжан Әбдірұлы жұмыс сапарын Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың өңірде орындалуына байланысты Тараздағы «Көкжиек-2030» ЖШС  жұмысымен танысудан бастады. 2007 жылы құрылып, бүгінге дейін сүт өнімдерін шығарумен айналысып келе жатқан кәсіпорын  биыл кеңейтіліп, Италияның «FRAU IMPLANTI» компаниясының жаңа үлгідегі автоматтандырылған желідегі құрал-жабдықтарымен жасақталған. Жоба құны – 1,6  млрд. теңге. Кәсіпорын жетекшісі Әбдіғали Бегімбетов  тәулігіне 80 тонна сүт өңдеуге қауқарлы екендігін жеткізді.

Бақытжан Сағынтаев, сондайақ,  Тараздағы мемлекеттік бағдарламалар аясында жүріп жатқан №15 мөлтек ауданының құрылысымен танысты. Бүгінгі таңда онда «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары аясында 80 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Бақытжан Әбдірұлына жаңа мөлтек аудандағы құрылыс жұмыстары туралы облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев баяндап берді.

Сондайақ, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жұмысымен танысты. Жылына 2100 тонна өнім өндіретін фабрика басшысы Сәуле Жаңабекова зауыттың жұмысы, тыныс-тіршілігі  туралы айтып берді. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд. теңгені құраған. Облыс орталығында орналасқан кәсіпорын жылына 2160 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Кәсіпкер 2016-2017 жылдар аралығында жабдық сатып алуға және коммерциялық жылжымайтын мүлікті қайта жаңартып, вафли өндіретін желі сатып алу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында несие алған. Кондитерлік өндіріс цехы негізінген вафли түрлерін шығарумен айналысады. Бүгінгі таңда 850 миллион теңге болатын  екінші кезеңінің құрылысы  жүргізілуде. Жоба іске қосылғанда кәсіпорынның жылдық қуаты 4500 тонна болады және тағы жетпіс адамға жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Жобаның екінші кезеңі биыл жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілмек. Осылайша, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы  қомақты қаржыға несие алып, жұмысын жандандырып отырған кәсіпорын өңір экономикасын арттыруға өз үлесін тигізуде.

Жалпы, Премьер-Министр жұмыс сапары барысында өзге де өндіріс орындары мен білім беру, денсаулық сақтау нысандарын аралайды деп жоспарлануда.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close