Басты бетЖаңалықтарЭкономикаҚоғамӘлеумет

ТАРАЗДА НАН ҚЫМБАТТАЙ МА?

Жуырда әлеуметтік желілерде «Таразда нан бағасы 65-тен 75 теңгеге қымбаттады» деген мәлімет тарала бастады. Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Нығмашев іле іске кіріскені де белгілі болды. Сонымен, Таразда нан қымбаттай ма? Бұл туралы басқарма басшысының берген жауабын жариялауды жөн көріп отырмыз, деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

– Көпшілікке белгілі болғандай, 19 қараша күні таңертең қаладағы сауда орындарында нан бағасының қымбаттағаны туралы мәлімет тарады. Бұл мәселені бірден қолға алдық. Облыс әкімінің орынбасары деңгейінде барлық сауда орындары мен дүкендерге мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында екі ірі нан өндіруші өздерінен өткізу бағаларын 10 теңгеге көтергені анықталды. Ол алдын ала жергілікті билікпен келісіліп, қабылданған шешім емес. Осыған орай, қазір шұғыл жұмыстар қолға алынуда. Бүгінде Таразда 8 нан өндіруші наубайxана бар. Олар бидай мен ұнның бағасының өсуіне орай нан бағасын да көтеруді сұрап отыр. Сол арқылы жұмысшылардың айлығын арттырып, өздерінің техникалық жағдайларын да жақсартпақ. Мониторингтен соң шұғыл жиналыс өткізіп, нан өндірушілермен келісімге келдік, – деді Б.Нығмашев.

Басқарма басшысы алдағы 6-7 күнде нан зауыттарының жұмысы мен табысына хронометраж жүргізілетінін жеткізді. Сол бойынша олардың нақты табысы мен шығындары есептелмек. Осыдан кейін ғана нақты шешім қабылданады. Дегенмен, алдағы уақытта нан 2-3 теңгеге қымбаттауы мүмкін екен. Оған дейін 65 теңгеден сатылатын болады.

Негізі, 22-қазандағы мәліметтерге сүйенсек, Таразда бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген 1 кг нанның бағасы 100 теңге. Бұл республика бойынша ең төменгі баға. Ал бір бөлке нанның салмағы 600-650 грамм.

– Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында қаржылай сақталған 717 мың бөлке нан бар. 15-20 күн аралығында 17 мың нанды өткердік. Ол арнайы дүкендерге 55 теңгеден жеткізіліп, 58 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, тұрақтандыру қорында 417 тонна ұн бар. Қажет болса басқа да қолдаулар жасауға дайынбыз, – деді басқарма басшысы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close