Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғамӘлеумет

Жамбыл облысында жастарға 20 үй беру жоспарланып отыр

Жуырда М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында Жастар жылының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА университеттің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйеніп.

Бұл күні келген қонақтарға технологиялық жаңалықтармен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көне құнды жәдігерлер қойылған көрме ұйымдастырылды. Ал мекеме басшылары, студенттер мен профессор-оқытушылар қатысқан салтанатты жиынды университет ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Нұрғалиұлы ашып берді. Ол өз сөзінде бүгінгі жастарымыз бір ғана мамандықпен шектелмей, әлеуметтік ортаға жылдам бейімделуі, яғни, кәсіпкерлікке барынша икемделуі керек екенін, ал бұл мақсатта университетте «Инновация және кәсіпкерлікті дамыту» орталығы ашылғанын айтып өтті. Бұл орталық жастарды кәсіпкерлікке үйретіп, шағын және орта бизнестің қыр-сырын үйретеді екен. «Сондай-ақ, жастарды жұмыспен қамту, баспана мәселелерін шешу сынды стратегиялық мақсаттар бар. Мұның барлығы арнайы бағдарламалар арқылы шешілетін болады, –  деп нақты жоспарлар мен атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, өз сөзінде халықтың әл-ауқатын көтерудің маңыздылығын атап көрсетті. Ал әл-ауқатты болу үшін білікті, білімді, қажетті маман болу керектігін баса айтты.

Келесі сөз кезегін облыс әкімінің орынбасары Орынбеков Бекболат Серікбекұлы алды. Өз сөзінде бұл жылы үлкен бастамалар қолға алынатынын, нәтижелі жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.

– Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе – ол жастардың білімділігі. Білім саласы бойынша еліміз 156 мемлекеттің ішінде 15-орында. Назарбаев зияткерлік университетінің тәжірибесін басшылыққа ала отырып, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Жамбыл облысындағы жетекші оқу ордасы боларына сенеміз. Елбасы өз сөзінде жұмыссыздық мәселесін де көтерді. Оқу ордаларындағы материалдық-техникалық базасын жетілдіріп, студенттердің ғылыми жаңалықтарын қолдап, оларға бар жағдай жасауымыз керек. Жастар арасындағы ең үлкен мәселенің бірі – тұрғын үй жайы. Осы мақсатта облысымызда жұмыс жүргізілуде. 2019 жылы 20 үй беру жоспарланып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша берілетін қаражаттың көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке артатын болады,- деген Бекболат Серікбекұлы өз сөзінде отбасылық құндылықтар жайында да айтты. Жамбыл облысында 14-29 жас аралығында 240 мың жас барын және осы жылы облыстық бюджеттен 760 млн.теңге бөлініп, жоспарлы жұмыстар басталғанын атап өтті.

Салтанатты жиында университет атынан жоғары жетістіктерге жетіп, замандастарына үлгі болып жүрген белсенді студенттер, жас ғалымдарға арналған мемлекеттік грант және стипендия иегерлері, студенттік құрылыс жасақтары, еріктілер қозғалысы, жастар ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі.  

Концерттік бағдарламаға ұласқан іс-шарада  бабалар сазын қазақтың көне ұлттық аспаптары арқылы халыққа насихаттауды алдарына мақсат еткен «Тұмар» халық аспаптар ансамблі «Нәрағаш», «Түркмен» күйлерін орындады. Сондай-ақ, «Tarsu.kz», «Гауһартас» би ансамбльдері мың бұралған билерімен көрермен көзайымына айналды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close