Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Мүгедек қызын қорлаған ана 6 жылға сотталды

13 жастағы мүмкіндігі шектеулі қызын ит қорлықта ұстап келген ана 6 жылға  бас  бостандығынан айырылды, − деп хабарлайды «Қазақпарат» Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісін қараумен айналысатын ауданаралық сот осындай үкім шығарды. Сотталушы Анна Иванова ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлімімен, 107-бабының 2-бөлімімен, 140-бабының 2-бөлімімен айыпталған болатын. Судья Иванованы барлық бап бойынша айыпты деп тауып ҚР ҚК 58-бабын ескере отырып, түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Анна Иванованы сот залынан кісен салып алып кетті. Іс материалдарына сәйкес 26 маусымда 2009 жылы түрмеден босап шыққан Анна Иванова 2004 жылы туған қызын балалар үйінен қайтару үшін құжаттарын жинаған. 2011 жылы жазда ол қызын балалар үйінен алып кетіп, басқа балаларымен Алматыда тұрып жатқан. Анна Иванова қызымен бірге тұрса да, оны қатты жақын тарта қоймаған. 2013 жылы 15 маусымда оның үйіне қонақтар келген. Сол сәтте ол қызының түрінен қысылып, жуынатын бөлмеге қамап қойған. Кісі кеткен соң қызының ваннаға дәрет сындырғанын көріп, газ кілтімен оңды-солды ұра бастаған. Сосын балғамен арқасынан, қол-аяғы мен тісінен соққан. Бұл соққылардан қызының денсаулығына ауыр зақым келген. 2011 жылдан 2017 жылғы тамызға дейін Анна Иванова өзінің аналық міндетін атқармаған. Әйел баланы ұрып-соққаннан бөлек, тамақ бермей, қамап ұстаған. Физикалық және психологиялық соққыдан соң қыздың денсаулығы күрт нашарлаған. Анна Иванова өзінің айыбын мойындамады. Сот әлі заңды күшіне енген жоқ. Жантүршігерлік оқиға туралы мұның алдында жазған болатынбыз. 13 жастағы мүгедек қыз Диананың жағдайы бүкіл елді шошытқан болатын. Анасы оны 3 жыл бойы далаға шығармай, байлап ұстаған.  Баланың адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқанын көрген  Қапшағай қаласының тұрғыны Надежда Барсукова 2017 жылдың 17 тамызында  Аннаны көндіріп, Диананы сенімхатпен қамқорлығына 3 жылға алып кеткен. Содан бері жас қыз жаңа отбасына үйреніп келеді. Қазір Диананың әке-шешесі, екі інісі бар.  Сал ауруымен ауыратын Диананың оң жақ қолы мен аяғында гемипарез байқалады. Құлағы кесілген, қол-аяғы, мұрны сынған. Тістері түсіп қалған.  Аузында қоянжырық сияқты ақауы бар. «Бастапқы үш айда түнімен шыңғырып, жылап шығатын. Психикасы аса ауыр зақым алған еді. Қазір де кейде бірнәрсеге жұмсасаң, ұмытып қайтып келеді немесе қайда тұрғанын ұмытып қалады. Бізге осы тығырықтан шығу үшін 1 жыл психологпен жұмыс істеуге тура келді. Баламның психикасы орнына келді», – дейді Н. Барсукова.  Диагнозының ауырлығына байланысты Диана мектепке бармайды, оны жергілікті мектептен  мұғалімдер келіп оқытып жүр.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close