Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Шу ауданында Ауған соғысы ардагерлері ардақталды

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл. Осыған орай, Жамбыл облысы Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев бейсенбі күні Ауған жеріндегі шайқаста ерлік көрсетіп, қайтыс болған азаматтардың ата-аналарын, туған-туыстарын қабылдады, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА аудан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ауған соғысына Шу ауданынан 131 азамат аттанып, олардың жетеуі сол жерде қаза тапқан.

– Ауған жерінде қаза тапқан балаларыңыздың, бауырларыңыздың есімі мәңгі жадымызда сақталмақ. Олардың есімдері мен көрсеткен ерліктері келер ұрпаққа үлгі болсын деп батырлар білім алған мектептерде арнайы бұрыштамалар ашылып, аудан орталығындағы аллеяда жауынгерлерге арналған ескерткіштер орнатылған. Алайда қандай игі шаралар өткізіліп, ардагерлерге қанша сый-құрмет көрсетсек те, соғыстың сызы мен жарасы мәңгі қала бермек. Батыр азаматтарды өсіріп, патриот болуға тәрбиелеген сіздерге шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді кездесу барысында аудан басшысы.

Кездесу соңында  қонақтарға аудан басшысының атынан гүл шоқтары мен сыйлықтар тапсырылды.

Жалпы, биыл Ауған жерінде қаза болған жауынгерлердің туыстарына азық-түлік себеті таратылып, 75 жауынгерге бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілген екен. Бұдан бөлек аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанованың қатысуымен өткен салтанатты жиыннан кейін Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған  ескерткіштер орналасқан аллеяда қаза тапқан боздақтарды еске алуға арналған митинг ұйымдастырылған. Ал митинг аяқталғаннан кейін «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Әбітаева жайған дастарқан басына жиналған қатысушылар аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close