Басты бетЖаңалықтарСаясатЭкономикаҚоғамӘлеумет

Жамбыл облысының әкімі есеп берді

Бүгін Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің есеп беру кездесуі өтті, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Жиында облыс басшысы атқарылған іске тоқталып, барлық сала бойынша оң динамиканың қалыптасып отырғанын айтты. Әкім өз баяндамасында өткен жылы өнеркәсіп өнімі 102,6, инвестиция көлемі 108,4, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 107,8 пайызға орындалғанын айтты. Сонымен қатар, Жамбыл облысында егістік жерлер 38 мың гектарға көбейіп, 668 мың гектарға жеткен. Үдемелі бақтар 200 гектарға дейін артып, 625 гектар болса, су үнемдеу технологиясы 21 пайызға көбейтілген.

  Есепті кездесу барысында әкім өткен жылы 1,6 мың тонна қой еті экспортталып, көрсеткіштің 5 есеге өскенін атап айтты. Сонымен қатар, 1,0 мың тонна сиыр еті экспортталып, 9 есеге дейін артқан. Ауыл шаруашылығы саласында айта кетер тағы бір жаңалық, өткен жылы 55 кооператив құрылып, 1500 ұсақ шаруалар біріктірілген, нәтижесінде 12 мың тонна өнім өндірілген. Көрсеткіш бойынша ауыл шаруашылығы өнімі 265 миллиард теңгені құрап отыр.

  Асқар Мырзахметов өз есебінде былтырғы жылы 482,3 мың шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілгенін атап көрсетті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1673 отбасыға 28 көппәтерлі үй беріліп, 38 инженерлік инфрақұрылым жобалары іске асырылған. Ал балама электр қуатының үлесі жоспардағы 14 пайыздан асып, 16 пайызға жеткен.

  Қазіргі кезде өңірдегі үлкен мәселенің бірі көгілдір отын тарту мәселесі. Бұл ретте әкім 377 елді мекеннің 48 пайызы газдандырылғанын, енді 81 елді мекенге магистральды газ құбыры құрылысын бастауға 6,1 миллиард теңге бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар, ауыз сумен қамтылған елді мекендер үлесі 199 болып, 53,3 пайызды құраған. Енді су құбыры жоқ 13 елді мекенді сумен қамтуға биыл 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінуде. Ал, Елбасы Жолдауында айтылған  тарифтерді төмендету бойынша өңірде газ бағасы 6,3 және электр қуаты 7,2 пайызға төмендеген. Тағы бір маңызды мәселе, Асқар Мырзахметов халықты әлеуметтік қолдауға, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 30,6 миллиард теңге бөлініп отырғанын, нәтижесінде 10 жатақхана салынатынын да айтты.   Өз кезегінде жамбылдық жұртшылық Асқар Мырзахметовке жол, мектеп, су, газ және өзге де сала бойынша сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close