Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда жарылыстан қаза болғандардың отбасына миллион теңге беріледі

Бүгін таңғы сағат 06:21­де Таразда 9 ықшамаудандағы 62-ші үйде жарылыс болып, көпқабатты тұрғын үйдің 1 және 3-қабаттары опырылып түсті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА. 2-ші қабаттағы 49-шы пәтерде болған жарылыс газ жабдықтарын абайсыз пайдаланудан шыққан.

  Қайғылы оқиғаға орай, бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен Үкімет комиссиясы құрылды. Бүгін комиссия төрағасы Жеңіс Қасымбек және комиссия мүшелері, сонымен қатар, Астана қаласында іссапарда жүрген Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласына шұғыл ұшып келіп, оқиға орнына барды. Болған жайттың анық-қанығымен танысып, жарылыстан жапа шеккен азаматтардың жағдайын сұрап, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.

  Бүгін Тараз қаласында Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Оқиғаның нақты себептері сөз болған жиында комиссия төрағасы орын алған жағдайды жан-жақты зерделеу керектігін, сонымен қатар, қажет болса арнайы мамандарды басқа қалалардан алдыру керектігін айтты. Жиын барысында Жеңіс Қасымбек барлық зардап шеккен тұрғындарға жеке-жеке хабарласып, психологиялық және медициналық көмек көрсетіп, уақытша орналасатын пәтерлермен де қамтамасыз етуді тапсырды.

  Жарылыстан қаза болған тұрғындардың отбасына Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан 1 миллион теңгеден қаржылай көмек берілетін болды. Комиссия отырысынан кейін Жеңіс Қасымбек пен Асқар Мырзахметов ауруханаға барып, зардап шеккен тұрғындардың жағдайын білді.

  Оқиғаға байланысты Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен облыстық төтенше жағдайлар департаменті қажетті мамандар мен техника жұмылдырды. Апат орын алған үйдің барлық тұрғындары қауіпсіз орынға көшірілді. Оқиға барысында 8 адам зардап шексе, оның ішінде өкінішке қарай 3 адам қайтыс болған.

  Қазіргі кезде Жамбыл облысының әкімдігі зардап шегушілерге барлық қажетті көмектерді көрсетуде. Апат болған үйдің 100-ден астам тұрғындарына №47 мектепте ыстық тамақ беріліп, психологиялық-медициналық көмектер көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар, зардап шегушілер Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданындағы көпқабатты бос үйлерге де уақытша орналастырылды. Ал, бүгін орын алған төтенше жағдайға байланысты Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен арнайы жедел штаб құрылды. Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың өкімімен нысандық төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, алдын ала сақтық шараларына қала бюджетінен 91,5 миллион теңге қарастырылған. Ал, бүгінгі оқиғаға байланысты нақты шығындарға талдау жүргізіледі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close