Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жасыл желек – қала көркі

Тараз қаласы мен оның аумағынан жасыл желек құру бойынша жоспар бекітілетін болды. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында айтылды.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысқан жиында Тараз қаласы әкімінің орынбасары  Бейсенбек Жанбосынов баяндама жасап, шаһар айналасындағы жасыл желекке қолайлы аумақтар туралы айтты. Ол Тараз қаласы мен Байзақ және Жамбыл аудандарының облыс орталығына таяу орналасқан аумақтарының мүмкіншіліктерін ескере отырып, барлығы  450 гектар аумақты құрайтын 8 участок бойынша талдаудың нәтижесіне тоқталды. Олардың дені Тараз  қаласы аумағынан десек, бірқатары шаһардан 10-15 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондай-ақ, жиын барысында алқаптарда ағаштардың егілу нұсқалары, оларды күтіп-баптау туралы да ұсыныстар айтылды.

  Асқар Мырзахметов ең әуелі жасыл желектің көлемін мүмкіндігінше 1000-2000 гектарға дейін ұлғайтуды және оның облыс орталығы аумағынан немесе барынша таяу орналасуын баса айтты. Себебі, ол тек тараздықтардың табиғи демалыс орны ғана емес, болашақта қаланың көркіне айналуы тиіс екендігін айрықша атап өтті. Және ағаш егілетін алқаптарда міндетті түрде су мәселесі шешілуі керек дегендіайтқан облыс басшысы қала аумағындағы Талас өзенінің жағалауларын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ағаш көшеттерін дайындайтын жаңа  тәлімбақтар құру,  қолданыстағы тәлімбақтың аумағын арттыру мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға жиында көтерілген мәселелердің барлығын қамти отырып, арнайы жұмыс жоспарын құруды тапсырды және тиісті жұмыстарды уақыт созбай бастауды міндеттеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close