Басты бетЖаңалықтар

Шу ауданынан шыққан жас ғалым халықаралық байқауда топ жарды

Жуырда Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Балнұр Жаңқабай Оңтүстік Корея мемлекетінің Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым» ғылыми байқауынан жүлделі оралды, − деп хабарлайды «Ақпарақ».

Байқауға 35 мемлекеттен жас ғалымдар қатысқан. Жас ғалым бұған дейін «Жасанды интеллектің масс-медиаға ықпалы» атты өзінің ғылыми жобасын конкурстың іріктеу турларына ұсынған. Сөйтіп, аудандық, облыстық және республикалық деңгейде үздік деп танылған жас зерттеушінің еңбегі халықаралық байқауға жолданған болатын. 

  Балнұр Жаңқабай өткен жылы Тараз қаласында өткен оқушылар арасындағы Президенттік олимпиадаға қатысып, жүлделі болған еді. Сонымен қатар,  республикалық «Ақбота»,  халықаралық «Золотое Руно» мен «Русский медвежонок» сынды байқауларда да жүлдегер атанған. Ал жас ғалымның «Ұлы Дала дарыны» атты республикалық ғылыми жоба байқауында «Үздік ғылыми жоба» номинациясын иеленуі оның айтулы жетістіктерінің бірінен саналады.

    Бір ғажабы, Балнұр Жаңқабай ғылыми жобасын түгелдей ағылшын тілінде жазып шығыпты. Журналист болуды армандаған жас ғалым  аталған сайысқа қатысатын кезде де ғылыми жобасының тақырыбын журналистика саласына байланысты таңдапты. «Өйткені «Жасанды интеллектің масс-медиаға ықпалы» деген тақырып қазіргі кезде ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Ғылыми жетекшім Нина Кобец. Жұмысты өткен жылдың шілде айында бастаған болатынбыз», дейді Балнұр Жаңқабай.

  Әлемдік байқауға атақты Гарвард университетінің және Кореяның белді ғалымдары қазылық жасапты. Шу ауданынан барып, жеңіске қол жеткізген оқушыға Оңтүстік Кореядағы кез келген медициналық академияларға 50 пайыздық жеңілдікпен грант беріледі екен. Сонымен қатар, жас ғалымның Қазақстандағы медициналық академияда да қалаған мамандығы бойынша грант негізінде оқуға мүмкіндігі бар. Бірақ байқауда қола жүлдеге қол жеткізген Балнұрға еліміздегі Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтынан ұсыныс түсіпті. Енді шетел емес, өз елімізде білімін жалғастыруға ниеттенген жас ғалым жуық арада аталған білім ордасына құжаттарын тапсыратынын айтты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close