Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жамбыл облысында 11 мектеп директоры кең кабинетін босатты

Мемлекет басшысының шығындарды оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына орай республикадан бастау алған жобаға өңірдегі мектеп директорлары да қолдау көрсетуде. Мәселен, кең кабинетін оқушыларға босатып беріп, өздері шағын бөлмеге көшкен өңірдегі 11 мектеп директорының әрқайсысының жұмыс кабинеті 40 және 50 шаршы метр аумақты құрайтыны анықталған.

  Мәселен, Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназия директорының   аумағы  40 шаршы метр болатын кең кабинеті қазір ағылшын тілі және орыс тілі кабинетіне айналған. Бүгінде 2079 оқушы оқитын бұл білім ошағында сынып тапшылығы көптен бері өзекті мәселе болғандықтан, білім ошағының басшылығы осындай оң қадамға барып отыр. «Қазіргі кезде қаламызда алпыстан астам мектеп бар. Елбасының шығындарды оңтайландыру туралы тапсырмасына орай атқарылып отырған бұл шаруалар әлі де жалғасын табады. Тек, жаңадан салынған мектептердегі директорлардың кабинеттері басында жоспарда солай бекітілгендіктен өзгеріссіз қалады», дейді Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева.

  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті өңірдегі бірқатар мекемелерге мониторинг  жүргізген. «Өңірде барлығы 446 мектеп бар болса, бүгінге дейін департамент 61 білім мекемесіне мониторинг жүргізді. Мониторинг қазіргі таңда облыс аумағындағы аудандарда жалғасуда. Алдағы уақытта барлық мектептерді қамтитын боламыз», дейді аталған департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Дәурен Омаров. 

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close