Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Қаратауда 60 пәтер пайдалануға берілді

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесіне орай «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Жамбыл облысы Талас ауданының орталығы саналатын Қаратау қаласында жаңғыртудан өткен 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, пәтер кілтін Талас ауданының әкімі Досмаханбет Әлиев табыстады, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

  Қаладағы №5 шағын ауданында орналасқан №55 үйге қайта жаңғырту жұмыстарын тараздық мердігер «Темір-Байлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жоба құны 228 миллион 450 мың теңгені құраған. Нысан өткен жылы 6 маусым күні пайдалануға қабылданып, инфрақұрылымдық жұмыстары жүргізілген. Мереке қарсаңында пайдалануға берілген бұл арендалық тұрғын үйде екі бөлмелі 10, үш бөлмелі 30, төрт бөлмелі 20 пәтер бар. Аталған  тұрғын үйге қоныс аударатын адамдардың тізімі аудандық тұрғын үй комиссиясы тарапынан жасақталған екен. Талас ауданы әкімдігінің мәліметінше, пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйден пәтер алған 60 отбасының 40-ы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тобына жатады. Оның ішінде көпбалалы 17, толық емес 15, мүгедек бала асыраушы 2 отбасы бар. Сондай-ақ, 1 мүгедек және 5 оралман отбасы да пәтер кілтін иеленген. Қалған 20 пәтер мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер мен қызметтік пәтер иеленушілерге берілді.

  Айта кетейік, Талас ауданы бойынша 2018-2019 жылдары барлығы  440 пәтерді құрайтын 6 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту жоспарланса, бүгінде оның 290 пәтері пайдалануға берілген. Ал, ағымдағы жылы тағы да 2 тұрғын үй, яғни 150 пәтер пайдалануға берілетін болады. Бұл өз кезегінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 143 әлеуметтік аз қамтылған отбасыны баспанамен қамтуға бағытталады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close