Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Қайрат Досаев Тараз қаласын көркейтуге кірісті

Жуырда ғана тағайындалған Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев көне шаһардың шырайын келтіруге шындап кіріскен сыңайлы. «Жақсы басталған іс, жартысы біткен іс» демекші, бұлай деуімізге себеп, аз ғана уақыттың ішінде атқарылған шаруа.

Бұған дейін де соңғы жылдары өзі басқарған Қордай, Шу аудандарында көптеген игі істің бастамашысы болып, іскер азамат ретінде көзге түскен Қайрат Әскербекұлы Жамбыл облысының орталығы саналатын Тараз қаласына әкім болып келгенін естігенде біраз жұрт шын қуанғанын әлеуметтік желілердегі жазбаларынан-ақ байқаған едік. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жергілікті халық «Фейсбук» арқылы үлкен сенім білдіріп, ісіне сәттілік тілеуі тегін емес болар. Осы сенімнің үдесінен шығу үшін жаңа басшы көп күттірмеді, әуелгі жұмысын тозығы жеткен жолдардың жай-күйін зерделеуден бастады. Әсіресе, «Ауыл Береке» базарына баратын жолдың көп адамды бей-жай қалдырмайтыны белгілі. Осы жолмен өзі жүріп өткен қала әкімі Сыпатай батыр көшесі арқылы Малогвардейская көшесіне жылу құбырын жүргізіп отырған  мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС-нің басшысына екі күннің ішінде  базарға баратын жолды  техникамен тегістеп,  қиыршық тас төсеуді тапсырды. Аумақтық округтің инспекторы Е.Бұралқиевқа жол бойындағы жабайы жарнамаларды алып тастап, қоқыстарды тазалау үшін қаражат қажет емес екенін айтса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы С.Жұманқұлға  өз көзімен көрген 15-ке жуық ашық люктен кейін қала бойынша люктерді түгендеу жұмыстарын жүргізуді және бір апта ішінде жол бойындағы шөптерді шауып, талдарды балақтауды тапсырды. Бұдан кейін «Барысхан» тұрғын аумағында су құбырын жүргізіп, жұмыстарды аяқтамаған «Сұңқар 2002» ЖШС-нің басшысымен кездесіп, мердігер жұмыстарды жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес атқарғанын білгеннен кейін жолдарға 2017 жылы қиыршық тас төселгенін, алайда қалпына келтіру жұмыстары жобада қарастырылмағанын ескере тұра, мердігерге  қоғамдық көліктер алқаптың Қызылқайнар, Қасымбеков көшелеріне кіру үшін жолдардың арнайы техникамен контурын шығарып беруге тапсырма берді. Одан кейін шағал төселетінін жеткізді.  Бұл алқапта «Пыраққұрылыс» ЖШС-гі электр желілерін  жүргізген. Екі апта ішінде көше жарығы қосылуға дайын. «Бурыл» тұрғын алқабында да Қасымбеков, Естемесов көшелері тұрғындарының өтініші бойынша №54 мектепке баратын жолға шағал төсеуге тапсырма берілді.  Қала әкімі  жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан 15 шағын ауданның  және Сабалақов көшесінің соңындағы 255 коттедждік үйлердің құрылыс жұмыстарымен  де танысты.

Осындай қарқынмен іске кіріскен шаһар басшысы «Талас» ықшамауданындағы №15 үйдің тұрғындарымен кездесіп, сол жерге жиналған кісілердің өтініші бойынша жауапты азаматтарға аула алдында бұтақтары ретсіз өсіп кеткен талдарды кесуді, арық-атыздарды тазалауды және уақытылы ағын су жіберуді жүктеді. Халықтың ұсыныс-тілегі жіті назарға алынатынын айтқан қала әкімі №15 үйге жауапты «ИнтегралСтрой Life» ЖШС-на, ең алдымен, аулаға балалар ойын алаңын салып, асфальт жол төсеуді тапсырды. Сондай-ақ №23 көпқабатты үй тұрғындарымен жүздескен Қайрат Досаев мұнда да балалар ойын алаңшасын салып, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне пайдалануға беруді қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясына міндеттеді.

Сондай-ақ, «Шахристан» базарының маңында орналасқан үшқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен де кездескен қала әкімі тарихи-мәдени орталықтың эскиздік нұсқасымен таныстырып, Кеңес дәуірінде салынған көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті ортағасырлық шығыс сәулет өнерінің үлгісінде болуы, жөндеу жұмыстарын тұрғындар өз есебінен жүргізу керектігін, қазіргі тұрғын үйге жапсарлас салынған сауда павильондарын бұзып, арнайы сауда павильондары үшін жер телімі бөлінетінін түсіндірді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close