Басты бетЖаңалықтарРуханиятҚоғамӘлеумет

ҚАДІРІ БИІК ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл мен Тараз қалалық орталық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметовтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Имамдар Рамазан айының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бас имам Қанат Жұмағұл өз сөзінде: «Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы. Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі. Мұсылман үмбеті бұл айды сарыла күтіп, сағына қарсы алады. «Ендігі жылы бұл қасиетті аймен қайта қауышуға ғұмырым жете ме, жоқ па?» деген қимас сезімдермен шығарып салады. Сондықтан, Хақ Елшісінің тілінде мына бір дұға әрдайым қайталанатын да тұратын: «Уа, ұлы Құдірет! Бізді қасиетті Рамазан айына жеткізе гөр!» деді.

Өкіл имам қасиетті айдың құрметіне рухани кештер ұйымдастырылып, ауызашар дастарқандары жайылатынын жеткізіп, Қадір түнінде арнайы бағдарламалар жасалып, айт мерекесі ұлттық нақышта өтетінін, Ораза айт мерекесінде қоғамдық көлікте тегін жүру науқандары жүргізіліп, қайырымдылық іс-шаралары жасалатынынан хабардар етті. Ал тілшілер өз сауалдарын қойып, керекті мәліметтерін түртіп алды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close