Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда 100 пәтер пайдалануға берілді

  Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданынан 100 пәтерлі арендалық-коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА. Баспаналы болғандар қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар.

Пәтер кілтін азаматтарға Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов табыстап, баспаналы болған тұрғындарды құттықтады. «Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды. 8 наурыз мерекесіне орай Жаңатас қаласында 60 отбасына пәтер кілті тапсырылса, 1 мамыр мерекесінде Тараз және Қаратау қалаларында барлығы 120 пәтер тапсырылды. Оның ішінде, 57 пәтер көпбалалы отбасына берілді. Бүгін осы игі үрдіс жалғасын тауып, тағы 80 пәтер беріліп отыр. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы отбасына бөлініп отыр», деді әкім өз сөзінде.

  Бүгін пайдалануға берілген тұрғын үй мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өткен жылы салынған болатын. Нысан құрылысын мердігер «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Аталған көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріліп отыр және арендалық айлық төлем көрсеткіші 5500-6000 теңге көлемінде белгіленген. Айта кетейік, «Бәйтерек» ықшамауданында орналасқан бұл №26 үйдегі 20 пәтер ағымдағы жылы ақпан айында «Мыңбұлақ» ауданындағы №62 үйде жарылыс кезінде зардап шеккендерге уақытша қоныстануға берілген болатын. Ал, бүгін мұндағы 80 пәтердің кілті тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтарға табысталды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close