Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Сарысуда қос отбасы қоныс тойын тойлады

Сарысу ауданында кәсіпкер Тоқтасын Біләлиев пен Дәулеталды Жанбаев екі көпбалалы отбасына үй алып берді, деп хабарлайды «Ақпарақ».

  Күлзира Абдуллаева Байқадам ауылдық округінде ұзақ жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрып келген. Бүгінде баспаналы болған отбасы тұрғын үй мәселесін шешіп берген кәсіпкер Тоқтасын Біләлиевке алғыс айтып отыр. «Осы бір қуанышты сәтті біз ұзақ күттік. Енді міне қамқор жандардың арқасында біздің өз үйіміз бар. Тоқтасын Біләлиев жерлесім, өзі де көп балалы отбасында өскен азамат. Көмегі мен қамқорлығы үшін ол кісіге алғыс білдіремін. Жер аумағы кең, жеміс талдары мол үйге қол жеткізгеніме сене алар емеспін. Енді үйіме бау-бақша егіп, балаларымның игілігіне жаратамын», дейді бес баланың анасы Күлзира Абдуллаева. Ал, өз кезегінде Тоқтасын Біләлиев кәсіпкерлерді мұқтаж жандарға әрдайым қол ұшын созуға шақырды. «Осындай қайырымды істен ешкім тыс қалмауы керек. Біздер, кәсіпкерлер мұқтаж жандарға қолдан келген көмегімізді аямағанымыз жөн. Бизнес өкілдері бұл бастамаға қолдау көрсетіп, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді деп сенемін», дейді кәсіпкер.

  Сонымен қатар, Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, «Алтын Орда – 2006» ЖШС басшысы Дәулеталды Жанбаев жеті баланың анасы Гүлсана Қалиеваға үш бөлмелі пәтер кілтін табыстады. «Әрдайым өз үйіміз болса деп армандаушы едік. Бізге көмектескен азаматтарға алғыс айтамын. Жеті бірдей балам бар. Оның бірі мүгедек. Балаларды жалғыз өзім қалай асырап, жетілдіріп, қашан пәтер аламын деп уайымдаушы едім. Қасиетті айда тосыннан келген сый отбасымызды қуантты. Біздердің жағдайымызды ойлаған облыс әкімі Асқар Мырзахметовке, сонымен қатар кәсіпкер азаматтарға алғыс айтамын», дейді Гүлсана Қалиева. Сонымен қатар, көпбалалы ана кәсіпкер Дәулеталды Жанбаевқа алғысын білдірді.

  Жаңатас қаласында орналасқан пәтер жарық әрі таза. Барлық бөлмесі заманауи жөндеуден өткен. Ал, көпбалалы анаға баспана алып берген кәсіпкер Дәулеталды Жанбаев жақсылық жасауды өзінің азаматтық парызы деп білетінін айтты. «Балалардың бүгінгі қуанышты жүздеріне қарап тұрып, өзім де қуандым. Бұл пәтер Гүлсана қарындасымыздың игілігіне жарасын. Балалары үлкен азамат болып, ел тірегіне айналсын», деді кәсіпкер.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close