Басты бетЖаңалықтарМәдениет

Жамбылдан Жизаққа тарту

Жуырда Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстың өнер шеберлері өзбек жерінде болып, Жизақ облысының Мырзачөл ауданында «Жамбылдан Жизаққа тарту» атты мәдени іс-шара өткізді. Аталған ауданның қазақ халқы шоғырланған Гагарин ауылындағы Өзбек-Қазақ мәдениет орталығында  салтанатты қарсы алу шарасы өтіп, Жизақ облыстық мәдениет басқармасының басшысы Камол Фахрадов келген қонақтарға ыстық лебізін білдірді. Жамбыл өңірінен достық делегациясын бастап барған Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев іс-шараның маңыздылығына тоқталып, екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі бастамалардың ары қарай жалғасын табатынына сенім білдірді.

  Әулиеаталық өнерпаздар кездесу барысында ала шапанды аға       йындарға қазақ өнерін насихаттады. Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлерін орындаса,   Мәдениет саласының үздіктері Оңал Азаматова, Жандос Омаров және Динара Диханбаева халық әндері мен жергілікті композиторлардың әндерін   шырқады. Сонымен қатар, Сарысу аудандық «Айжан қыз» халықтық би ансамблі биден шашу шашты. Ал, Жуалы аудандық халық театры Бақыт Беделханның «Тағдыр тақтасы» атты Асанәлі Әшімовтың өмір тарихына құрылған поэтикалық драмасын ұсынды. Сапар барысында жамбылдық өнер шеберлері жизақтықтарға шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибе алмасты. Шара соңында Мырзачөл ауданына саяхат ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жамбылдық делегация жергілікті қазақтармен де кездесіп, қариялардың батасын алды. Жизақ облысы бойынша қазақ мәдени орталығының төрағасы Өтеп  Седамановқа Әулиеата жерінен естелік ретінде шығармашылық әріптестері сый-сияпат көрсетті. Сондай-ақ, жамбылдықтар Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында да болып, Жамбыл облыстық кино орталығы «Жаужүрек мың бала», «Біздің қаланың ханзадасы» атты көркем және «Мұзбалақ» анимациялық фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастырды.

  Екі елдің мәдениет өкілдерінің кездесуі барысында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Жизақ облысы әкімінің орынбасары Азизбек Эгамбердиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Камол Фахродов бауырлас екі ел арасындағы жүзеге асып жатқан игі іс-шаралар ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан мәдени байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдіре отырып, жамбылдық делегацияға қасиетті Мекке қаласы мен Өзбекстанның ғажайып табиғаты суреттелген сағаттарын сыйға тартты. Өз кезегінде әулиеаталықтар да Жамбыл облысы әкімдігінің атынан өңір шеберлерінің қолынан шыққан Жамбыл Жабаевтың бейнесі өрнектелген кілемше және «Көне Тараз» картинасын табыс етті.

  Сонымен қатар, әулиеаталық делегация Жизақ облысының тарихи-мәдени орындарын да тамашалады. Самарқанд қаласында орналасқан «Регистан» алаңы, Әмір Темір мен Биби Ханум кесенелері, Мырза Ұлықбек обсерваториясы, «Шахин-Зинда» және «Хазірет Қызыр» мемориалды кешені және тағы басқа да ескерткіштерге экскурсия жасады. Соңында Фарыш ауданында  өзбек өнерпаздарының концерті ұйымдастырылды.

Дереккөз: egemen.kz

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close