Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Сарысулық тағы бір кәсіпкер көпбалалы отбасына пәтер сыйлады

Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аудандық «Бір отбасы, бір пәтер» жобасы аясында тағы бір көпбалалы отбасы баспаналы болды, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйеніп.

Осыдан аз уақыт бұрын сарысулық қос отбасы қайырымды жандардың арқасында баспаналы болды деп сүйіншілеген едік. Енді міне, меценат Фархат Шаимқұлов тағы бір көпбалалы отбасын қуанышқа бөлеп, пәтер кілтін сыйлады. Фархат Исақұлы бұған дейін де бірқатар аз қамтылған отбасыларын азық-түлікпен қамтып, басқа көмегін де аямай, мүмкіндігінше қолұшын созып жүрген азамат. «Осы отбасының тұрмыс жағдайы тым төмен екенін байқайтынмын. Ойлана келе осындай қадамға барып, ораза айында тосынсый жасауды жөн деп шештім. Елімізде пәтер алуға жағдайы келмейтін көпбалалы отбасылар жетерлік. Мен өз елімнің патриоты ретінде осындай жандарға өз көмегімді көрсеттім», − дейді кәсіпкер.

         Нұргүл есімді жалғызбасты бес балалы ананың қуанышында шек жоқ. «Үйім жоқ еді. Тіршіліктің тауқыметін жас болсам да аз көрмедім. «Жыртық үйдің де жамауы бар» деген рас-ау, жоқ жерден екі бөлмелі үй берді. Мұндай болады деп ойламап едім. Іші күшті, бәрін жасап қойыпты. Бұл кісіге көп рақмет. Алланың нұры жаусын!», − дейді Нұргүл Қонысбаева.

         Жаңадан көшіп келген Нұргүлдің көршісі 8 бала, немере-шөбере сүйген 76 жастағы Мәріш Байзақова шашу шашып, қуанып, жақсылық жасап жатқан азаматтарға ақ батасын берді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close