Басты бетРуханиятТанымҚоғамӘлеумет

РАМАЗАН. «ТҮНГІ АКЦИЯ»

Жуырда еліміздегі ірі сауда дүкені тұрмыстық заттарға түнгі акция ұйымдастырды. Сондағы саудасы: бір зат алсаңыз – екіншісін жарты бағасына сатып аласыз. Қарақұрым халық, ығы-жығы жұрт. Түнгі екіге дейін барсаңыз – үлгердіңіз, әйтпесе акциядан құр қалады екенсіз. Пендеміз ғой, кейде осынау болмашы жеңілдіктер үшін желпініп, жетіп баратынымызды несіне жасырамыз?! Ол да дұрыс қой, тұрмыс үшін, өмір үшін қажетті заттарды алуға тиіспіз.

Біздің айтайын деген ой басқа еді. Адам баласына жылына бір рет келетін, екі дүниенің қайырлы сәті – Рамазан, оның ішіндегі қасиетті Қадір түні. Нағыз жеңілдік, нағыз жетістік, нағыз жеңіс, міне, осы – Қадір кеші. Әрине, Жаратқанның Қадір түніндегі жарылқауын, жеңілдігін әлгінде айтқан сауда дүкенінің жеңілдігімен яки түнгі акциясымен салыстыру санамызға да келмеген.

Қадір түнінің қадірі

Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың мың айдан қайырлы түні бар, кім сол түннің сауабынан, жақсылығынан шет қалса, барша сауап, жақсылықтан құр қалады» деп, бұл түнді бейқамдықпен өткізбеуді насихаттауында үлкен мән бар.
Қасиетті Құранның алғашқы аяты түсе бастаған, түндердің төресі – Қадір кеші – мың айдан да қайырлы. Бұл түнде періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайды. Жүректерге иман ұялап, адамзат баласы ерекше ізгі сезімге бөленбек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өсиет сөзінде: «Алла Тағала Қадір түнін менің үмбетіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмбетке бұйырмаған» деп, барша мұсылман қауымына сүйінші хабар жеткізген.

Қадір кешінде оқылатын дұғалар

Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп сұрағаны баяндалады: «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?». Ол: «Уа, Алла, расында, Сен –Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!» деп айт». Сонымен қатар мынадай дұғаларды оқуға болады: «Я, Алла! Көбейте гөр, кемітпе, сыйлы қыл да, бейшара қылма, бере гөр де, тыя көрме, бізді таңда да, құр қалдырма, бізді разы қыл, бізден де разы бол!»; «Раббым, Мені кішкентайымнан бағып, тәрбиелеп өсіргеніңдей оларға мейірім ет!»; «Я, Алла! Сенен мен (осы) дүние және ақыретте жарылқау мен есен-амандықты тілеймін. Уа, Алла! Сенен мен дінімде, тұрмыс-тіршілігімде, отбасым мен мал-мүлкімде жарылқау мен есен-амандық тілеймін. Уа, Алла! Менің әбүйірімді Өзің бүркеп қойғайсың, мені қорықыныштан аман еткейсің. Уа, Алла! Мені алды-артымнан, оң жақ-сол жағымнан және төбемнен де Өзің сақтағайсың! Сондай-ақ кенеттен қиянатқа ұшырап, өліп кетуден Өз ұлылығыңнан пана сұраймын!»; «Иә Алла! Менің жүрегіме тақуалық орнатып, оны тазарта гөр! Расында Сен – Ең жақсы Тазартушысың әрі Сен – Қорғаушымыз бен Иемізсің!»; «Я, Алла, шын мәнінде, мен Сенің құлыңмын. Сенің құлың мен күңіңнің ұлымын. Менің тағдырым Сенің қолыңда. Сенің шешімің маған міндет әрі маған шығарған үкімің әділ. Саған тән болған барлық есімдеріңмен, Өзіңді атаған немесе Кітабыңда түсірген немесе жаратылғандарыңның біріне үйреткен немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен Өзіңе жалбарынамын: Құранды жүрегімнің көктемі, кеудемнің нұры әрі мазасыздығым мен уайымымды әкетуші ете гөр!»; «Я, Алла, мен үшін менің барлық ісімде маған қорған болатын дінімді реттеп бер (яғни дінді дұрыстап ұстағанға жердем бер), сондай-ақ мен өмір сүріп отырған осы дүниені реттеп бер (яғни осы дүниеде керектің бәрін маған адал етіп бер), сондай-ақ мен оған оралатын мәңгілік өмірді реттеп бер, сондай-ақ маған өмірімді тек игілік әкелетін еткіз, сондай-ақ мен үшін өлімімді барлық зұлымдықтан құтылдырушы еткіз!».

Жасалатын игі амалдар

Қасиетті түнде Алланың ризашылығы үшін құлшылық жасалып, намаз оқу қажет. Құран Кәрімді оқып, мағынасына мән беріп, ойланған абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттену керек. Уағыз-насихат тыңдап, күнделікті күйбең тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылған абзал. Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу керек. Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейткен дұрыс. Қадір кешінде мешіттерде уағыз айтылып, көпшілікпен намаз, Құран оқылады, жамағатпен дұға жасалады. Кейбір мешіттерде, мәселен, Елордамызда еліміздің бас мешіті – «Әзірет Сұлтанда», «Нұр Астана», «С.Ғылмани» мешіттерінде Құран қатым жасалады. Алла үйіне келіп, жамағатпен бірге жақсылыққа, ізгілікке бөленіп, дұға жасау – абзал амал. Қадір кешін ізгі амалдармен үйде де өткізуге болады. Иә, Рамазан – ұлы нығметке бөленетін кез. Мешіттегі игі шаралардан, салыстырмалы түрде айтқанда, «түнгі акциядан» құр қалмауға шақырамыз.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ баспасөз хатшысы.

Дереккөз: «Ана тілі» газеті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close