Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда заңсыз такси жүргізушілеріне шара қолданылады

Жолаушыларды тасымалдайтын кез келген көлік заң аясында қызмет көрсетуі тиіс. Ал бұл мәселе іске асуы үшін арнайы шара қолданылуы керек десек, бұл тұрғыдан алғанда Таразда біраз істің қолға алынғанын атап өткен жөн. Әсіресе, автобекет маңында адамнан көлік көп сияқты әсер қалдырады. Ал тәртіп орнатылып, арнайы қадағаланбайынша бұл жерді ретке келтіру оңайға соқпасын білген жергілікті билік нақты шараларды қолға ала бастады.

Мәселен, енді Тараздан Алматыға жолаушы тасымалдайтын кейбір таксилердің жүруіне тыйым салынатын болады. Өйткені, Қазақстан Республикасы Ұлттық стандартының тасымалдаушыларға қойылатын талаптары мен шарттары бойынша 300 шақырымнан артық жолаушы тасымалдауға болмайды екен. Әсіресе, «Минивенге» заң талабы бойынша 300 шақырымнан асатын жерге жолаушы тасымалдауға болмайды екен. Жүргізушілерге осы сияқты заң талаптары түсіндіріліп, 300 шақырым болатын облыстың басқа аумақтарына жүру туралы кеңес айтылып, бір шешім қабылдау үшін бір ай уақыт берілді. Әрі оларға арнайы тапсырыс аясында такси ретінде ғана жүру ұсынылып отыр. Яғни, осы кәсіппен айналысып жүрген әрбір азамат тірлігін заңдастыру нәтижесінде ғана бұған қол жеткізе алады. Оның үстіне олардың автокөліктік 4 есігі, арнайы кассалық аппараты және байланыс құралдары болуы керек екен. Сонымен қатар, көліктің жүрген қашықтығы 500 мың шақырымнан аспауы тиіс.

Тараз қалалық полиция басқармасы полиция патрульдік батальоны командирінің орынбасары, полиция майоры Дәулет Жанғабыловтың айтуынша, биылғы жылғы 7 ай көлемінде тәртіп бұзуға байланысты 2652 хаттама толтырылған. Бүгінгі таңда автобекет маңындағы тәртіп жергілікті полиция басқармасының назарында екен. Осы уақытқа дейін Тараз қаласынан Алматыға қарай шыға берісте «Мади» жанармай бекетінің маңында такси жүргізушілері қаптап тұратын. Бұл жерге келген әрбір жолаушы Алматы, Қордай, Шу бағытына қарай арзан бағамен мініп кете алады. Бүгінде осы мәселені реттеу үшін Тараз қалалық полиция басқармасынан күндіз 2, түнде 2 экипаж тұрады екен. Енді «Мади» жанармай бекетінің маңы көлік жүргізушілерінен толық тазармаса да, мәселенің реттеліп келе жатқаны анық. Ал бұл дегеніңіз, Тараздың көркі бұрынғыдан да кіре түседі деген сөз…

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close