Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятӘлеумет

«Туған елге саяхат» жобасы аяқталды

Тараз қаласында туристік нысандар аз емес. Оған Ресей, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан мемлекеттерінен келген қандастарымыз бен еліміздің өзге аймақтарынан жиналған балалар «Туған елге саяхат» атты жоба барысында көз жеткізді.

Осыдан екі айдан астам уақыт бұрын басталған жобаға барлығы 600-ге жуық бала қатысып, олар Нұр-Сұлтан, Тараз, Байқоңыр, Алматы қалаларында болған. Аталмыш жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және «Жастар жылына» орайластырылғанын ерекше атап өткен жөн. Ал «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйытқы болуымен Тараз қаласында өткен саяхатқа екі жүзден астам оқушы қатысыпты.

Жеткіншек туристер экскурсиялық тур барысында «Көне Тараз» кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға қатысып, «Қазақтың ұлттық тағамы» атты балаларға арналған дастарқаннан дәм татты. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы «Көне Тараз» саябағында Тараз қаласынан табылған тарихи жәдігерлерді паш ететін «Көненің көзі – Тараздың өзі» атты археологиялық көрмені тамашалады.

 Айта кетерлігі, «Туған елге саяхат» жобасына көпбалалы және толық емес отбасынан шыққан бала­лар мен оқу үлгерімі жақсы балалар, сонымен қатар арнайы ұйымдастырылған кон­курстың жеңімпаздары қаты­сқан.

 Жалпы, жас жеткіншектер көне шаһардың көрікті жерлеріне саяхаттап, өздерінің уақытын қызықты өткізді. Жоба барысында балаларға «Ежелгі Тараз көпестер қаласы» тақырыбында викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап беріп, белсенділік танытқан оқушыларға әртүрлі кәдесыйлар мен аталған қорық-музейдің баспа өнімдерін сыйлады. Экскурсия барысында, сондай-ақ, балалар Тараздағы Қарахан кесенесі мен «Төрткүл» керуен-сарай кешенін аралап, экскурсиядан алған әсерлерімен бөлісті. Кейбір  оқушылар көне шаһарды аралаудың сәті алғаш рет түсіп отырғанын айтып, болашақта тағы да келгісі келетінін жеткізді.

Осылайша, өзге қалаларда жалғасын тапқан бұл жоба жуырда аяқталды. Ал оның қорытындысы елор­да­дағы «Жетісу» саябағында ұйым­дастырылды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close