Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғам

«Шахристан» кешені жаңғыртылуда

Бүгінде Тараз қаласының сәулеттік келбетін арттыру мақсатында қолға алынып жатқан шаруалар шаш етектен. Солардың бірі әрі бірегейі ретінде қаладағы Төле би көшесінің бойында орналасқан «Шахристан» кешенін қайтадан жаңғырту мен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, бүгінде қызу жүріп жатқанын айтуға болады, − деп хабарлайды «Ақпарақ».

Жалпы, кешеннің аумағы 200 гектарды құрайды. Алдағы уақытта жұмыстар толық аяқталғаннан кейін кешен аумағында көркемсурет галереясы, облыстық өлкетану мұражайы, 700-800 орындық амфитеатр, үлкен сағат стелласы, көрме залы мен «Руханият» орталығы болады деп күтілуде. Қазіргі таңда бұл жерде жұмыстар қарқынды атқарылуда.

Естеріңізде болса, Жамбыл облысының 80 жылдығына орай пайдалануға берілетін «Шахристан» тарихи кешені кезінде сауда орны болып, оны тиімді пайдалану жоспары облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясымен өткен жылдың маусым айында қолға алынған еді.Бүгінгі таңда кешеннің құрылысын «Өмірзақ» ЖШС және «КДСМ» ЖШС екі ауысымда қарқынды жүргізуде. Нысандармен қатар, этно-тарихи кешеннің абаттандыруы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстарын іске асыру жұмыстары да ағымдағы жылға жоспарланған. Жергілікті әкімдік бұл жерден 26 бағытта жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктер өтетінін ескере отырып, аталған «Арбат» аймағына қатысты көшелердің бірін кеңейту, бірін орташа жөндеу және енді бірінің құрылысын жоспарлап отыр.

Ал «Шахристан» кешенін қайта түлетуге арналған жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Көне Тараз» кешені мен «Шахристан» этномәдени орталығы қосылады. Бұл екі нысанның арасынан бір шақырымға созылатын арбат құрылысы жүргізіліп, шаһар көркі арта түседі. Бұдан бөлек, «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде «Көне Тараз» стансасы салынып, аспалы жол тартылады деп жоспарлануда. Аспалы жол «Тектұрмас» кешенінен «Шахристан» орталығына дейін созылатын болады. Мұның бәрі көне Тараз шаһарының тарихын білгісі келген туристерге жасалып жатқан жағдай деуге болады. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін қала көркі арта түсеріне сенім мол.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close