Басты бетЖаңалықтарӘлеумет

Таразда тамыз кеңесі өтті

Бүгінде мектеп формасына қатысты арыз-шағым аз емес. Мәселен, әр мектептің өз формасы болатынын ескерсек, баласы басқа мектепке ауысқанда ата-анаға салмақ түсетіні жасырын емес. Ал бірыңғай мектеп формасы елімізде 2020-2021 оқу жылында бекітілмек. Бұл туралы «Келешекке – кемел біліммен!» тақырыбында өткен Тараз қалалық білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясында айтылды, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова қатысқан жиында баяндама жасаған қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Қасымқызы мектеп басшыларына алдағы оқу жылында басқа мектептен ауысып келген оқушылардың формасын ауыстыру туралы талап қоймауды тапсырды.

«Ұстаз – сапалы білім, саналы тәрбие беретін, нағыз ел патриотын дайындайтын қозғаушы күш. Бұл ауқымды мақсатты жүзеге асыруда қаланың білім беру саласында 8624 педагог жұмыс атқарады. Сапалық құрамы жылдан-жылға өсіп, соңғы жылда 3,6 пайызға көтерілді. Педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа форматына сәйкес «Педагог-шебер», «Зерттеуші-педагог», «Сарапшы-педагог», «Модератор-педагог» санатын 468 мұғалім иеленді. Мұның барлығы үлкен еңбек пен шығармашылықтың нәтижесінде келді. Сондай-ақ өткен оқу жылында педагогтардың сенбі күнгі жұмыс уақытына байланысты түсініспеушіліктер туындаған болатын. Бұл мәселе республикалық, облыстық тамыз кеңестерінде де көтерілді. Сондықтан бес күндік оқыту жүйесіне көшу барысында мұғалімдер сенбі күнгі жұмыс уақытын өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы екенін ескеріп, мектеп басшылары алдағы оқу жылы педагогикалық, әдістемелік кеңес және басқа да ұйымдастыру іс-шараларын айына бір рет қоюды жоспарлауы тиіс», – деді Мүбарак Қасымқызы.

Сонымен қатар, білім берудегі бағалауға қатысты енгізілген жаңашылдыққа ата-аналар тарапынан көптеген сауалдар туындап жатқанын айтқан қаланың бас ұстазы алдағы уақытта пән мұғалімдері бағалау тапсырмаларын балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып құрастыруға көңіл бөлуі керектігін жеткізді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close