Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда көпқабатты 9 тұрғын үй пайдалануға берілді

Бүгін Таразда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15-ші шағын ауданда 80 пәтерлі 9 тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін тұрғындарға салтанатты түрде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов табыс етті, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Расында, кез келген адам үшін баспананың басты мәселе екені анық. Бүгінгі таңда тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Тәуелсіздік жылдары елімізде қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғаны да ел есінде. Нәтижесінде Тараз қаласында да көптеген тұрғын үйлер салынып, жергілікті жұртшылықты баспанамен қамту жолға қойылды. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана ашық дала болған аумақта 15-ші шағын аудан бой көтеріп, қала халқы көп шоғырланған аймаққа айналды. Осы мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы 17,6 миллиард теңгеге барлығы 2118 пәтерлі 30 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 1988 пәтерлі 28 пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 120 пәтер берілді. Оның ішінде 93 пәтер арендалық үйлер есебінен берілген болса, 27 пәтер демеушілер есебінен табысталған. Жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын баспанамен қамту жоспарланған.

  Сонымен қатар, кезектілік келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына қаражат қарастырылып, оларды жыл соңына дейін ел игілігіне беру жоспарда бар. Бұл халық үшін жасалып жатқан игі шара. Ал, Конституция күні қарсаңында пайдалануға берілген 80 пәтерлі, көпқабатты 9 тұрғын үй заманауи үлгіде салынған. Айтулы мереке қарсаңында бірқатар тараздық тұрғындар жаңа баспанаға қол жеткізіп, қоныс тойын тойлауда.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close