Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жамбыл облысы Арыстағы құрылысты аяқтады

Жуырда Арыс қаласында Жамбыл облысына тиесілі 3-сектордағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай салтанатты шара өтті, − деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Жергілікті тұрғындар мен құрылысшылар қатысқан жиынды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов ашып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жамбылдық штабтың жұмысы туралы айтып, қаланы қалпына келтіруге атсалысқан көпшілікке алғысын білдірді. Сонымен қатар, жиында Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Бағлан Қарашолақов, Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек және өзге де азаматтар сөз сөйлеп, жамбылдық құрылысшылардың еңбегін атап өтті.

  Бұл күні көпшілік назарына «Арысты тербеткен Әулиеата әуендері» атты Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы ұсынылып, штаб жұмысының басы-қасында жүрген бірқатар азаматтар мен құрылысшылар марапатталды.

Жалпы, Арыс қаласын қалпына келтіруге барлық облыс жұмыла кірісіп, өзіндік үлесін қосты. Солардың қатарындағы Жамбыл облысының штабына 3-сектор 11 көше бекітілген еді. Онда 312 жеке тұрғын үй мен 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан болған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің бәрінің де ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалғаннан кейін қираған 4 үйдің екеуі қайтадан салынып, екеуі толық жаңғыртылды. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 4 мердігер компания мен 500-ден аса құрылысшы тартылды. Тиісті шығындар республикалық бюджет пен арнайы қорға жинақталған қаржыдан қарастырылған.

Негізінен, жамбылдықтар Арысқа ілкіден көмек қолын созып келеді. Мәселен, арнайы пункттерде жиналған азық-түлік пен заттар Арысқа жеткізілгенін жұртшылық жақсы біледі. Сонымен қатар, Арысқа барлығы 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жөнелтілген. Тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 2,2 миллион теңгеге қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған арнайы жасақталған 4 реанимобильмен 8 фельдшер жіберілді. Сондай-ақ, Арыс қаласынан келген 400-ге жуық бала Жамбыл облысындағы «Тау самалы», «Жұрындысай», «Жұлдыз» сынды жазғы сауықтыру лагерлерінде демалды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close