Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Тараз қаласының әкімі тұрғындармен кездесті

Жуырда Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев «Аса» мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесті.

Кешқұрым аулаға жиылған аудан тұрғындары қала әкімін күтіп алып, мәселелерін кезек-кезек көтерді. Алдымен «Аса» мөлтек ауданы, №11 үйдің тұрғындары балалар ойын алаңшасын салып беруді сұрады.
– Мөлтек ауданның тұрғанына 30 жылдан асты. Содан бері балалар ойын алаңшасы салынбаған. Тұрғын үйлердің алдындағы бетоннан жасалған кедергілер де ескірген. Тіпті кейде аулада ойнап жүрген балалардың өміріне қауіп төне ме деп қорқамыз, – деді Сағадат Искараева.
Сондай-ақ тұрғын «Аса» ПИК жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді. Айта кетерлігі, 140 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің жартысы ПИК құрамында, ал қалған бөлігі кооперативке кірмеген. Шаһар басшысы Қайрат Әскербекұлы ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес жалпы жиналыста кондоминиум объектiсiн басқару нысанын анықтап, пәтер иелерінің кооперативін (ПИК) құрып, белсенді тұрғындардан төраға сайлау қажеттігін айтты. Сайланған төраға үйдің жарғысын әділет органдарында заңды тіркеуден өткізіп, басқаруды қолға алуы тиіс. Ал ортақ мүлікті күтіп-ұстауға әрбір тұрғын міндетті болып табылатындығын да түсіндірді.
Сондай-ақ тұрғындар үйдің жанында соғылып жатқан дүкеннің құрылысына келіспейтіндіктерін ортаға салды. Қала әкімі бой көтеріп жатқан нысанның орнына барып, құрылыс барысында кейбір кемшіліктерге жол берілгеніне көз жеткізді. Шатыры дұрыс жабылмаған, жауын-шашын күндері су жиналып, тұрғындардың кіріп-шығуы үшін қолайсыздық тудыратыны да белгілі болды. Қайрат Әскербекұлы құрылысты жүргізіп отырған меншік иесіне тұрғындардың өтінішін ескере отырып, шатыр суының ағып кетуі үшін сусорғы және аулаға түнгі жарық орнатуды тапсырды. Одан кейін тұрғындар қала әкімінен сол маңдағы аялдаманы қалпына келтіру, автокөлік қоятын орынды қарастыруды сұрады. Шаһар басшысы Қайрат Әскербекұлы тиісті сала мамандарына барлық сұрақтар бойынша зерделеу жүргізіп, тиісті құжаттарды рәсімдеуді тапсырды.

Арайлым Бақытжанқызы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close