Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Тараздағы бірқатар нысандарға рейд жүргізілді

Жуырда Тараз қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясы жанындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту жөніндегі комиссия Тараз қаласындағы бірқатар нысандарға рейд жүргізді, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов, комиссия төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Эльмира Мырза-Ғали, облыстық мәслихат депутаттары Абай Нұржанов пен Арман Еділбаев және комиссия мүшелерінен жасақталған топ Сыпатай батыр, Көшеней, Абай, Қойгелді батыр, Ниетқалиев, Жамбыл даңғылы көшелерімен өтетін М-4 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасымен танысты. Сонымен қатар комиссия мүшелері Қазыбек би мен Ташкент көшелерінің қиылысында болды. Бұдан кейін Ниетқалиев көшесінде жүргізіліп жатқан М-2 жылу магистралін жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары мен комиссия мүшелері «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан №15 ықшам ауданға барып, құрылысы аяқталған көпқабатты үйлерді аралап көрді.

– Жалпы қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, яғни құбырларды ауыстыру белгіленген уақыттан кешеуілдеп басталған. Рейд барысында бірқатар олқылықтардың да орын алғанын көрдік. Жалпы кемшіліктердің орнын толтыру, берілген мерзімде аяқтамаған мердігер компанияның жұмысын партиялық бақылау комиссиясының отырысында қарайтын боламыз, – деді облыстық мәслихат депутаты Абай Нұржанов.

Жалпы Тараз қаласындағы жылу құбырларының ұзындығы 190 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда соның 9,3 шақырымында ескірген құбырларды қайта жаңалау жұмыстары жүргізілуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл жалпы 45 жобаны іске асыруға 16,6 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде жылумен қамту жүйелерін жаңалау жұмыстарына республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қарастырылған қаражат аясында 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close