Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Таразда ардагерлерге арналған экскурсия ұйымдастырылды

11 қыркүйекте Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасы аясында ардагерлерге арналған экскурсия ұйымдастырылды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Экскурсия барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлері Тараз қаласының  тарихи жерлерін аралап, «Желтоқсан» скверіндегі «Желтоқсан толқыны» субұрқағы, «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағы, Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштері сияқты көне шаһардың көрікті орындарын тамашалап, ерекше әсерге бөленіп қайтты.

Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан «Даңқ» залына барған ардагерлер ондағы бір жарым миллионнан астам фотосуреттен жасалған соғыс жылдарының шежіресі арқылы 1941 жылдан бастап 1945 жылдарға дейінгі кезеңдегі көріністерді көрді. Мұнда, тіпті, 1941 жылғы «Барбороса» жоспарының картасы ілінген. Сонымен қатар Мәскеу үшін шайқас, Бауыржан Момышұлы, генерал-майор Панфилов сияқты аты аңызға айналған батырлардың 100-ден астам фотосуреттері мен 200-ден астам құжаттар қойылған. Бұл жерде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың суреті де тұр. Бұл бөлімде «Ленинград блокадасы» көрсетілген. Мұнда ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі сияқты тарихи жәдігерлерді көруге болады. Жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де осы залға ілінген. Ал залдың екінші қабатында Бауыржан Момышұлына арнап алғаш рет «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл жерде батырдың балалық шағынан бастап, кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей мен көркемсурет бұрышы жасалған. Сондай-ақ, тарихи тұлғаның шығармашылығына арналған кітапхана, жиын өткізуге арналған конференция залы жасақталған. Тағы бір ерекшелігі деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолоборотория қарастырылған.

Осындай тарихи орындар ардагерлерге ерекше әсер сыйлап, экскурцияның  мәні мен маңызын арттыра түсті деуге болады. Ал экскурсияның соңында ардагерлер өздеріне бөлінген көңілге ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close