Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда қылмыс саны азайып келеді

Жуырда Тараз қалалық мәдениет үйінде қалалық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров халықпен кездесу өткізді, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Қалалық мәдениет үйінде өткен жиында ағымдағы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыс сараланып, халықтың пікірі мен ұсыныс-тілектері тыңдалды.

Былтырғы жылмен салыстырғанда Таразда қылмыс 14 пайызға азайған. Оның ішінде орта дәрежедегі қылмыс саны қысқарған. Сондай-ақ ұрлық 21,1 пайызға азайып, 35 қылмыс жасаған алты қылмыстық топ құрықталыпты. Ал 45 адам автокөлік аккумуляторларын ұрлау ісі бойынша, ұялы телефондарды ұрлағаны үшін 160-тан астам адам ұсталған. Мал ұрлығы фактілері бойынша тоғыз қылмыс ашылса, оның ішінде біреуі ауыр қылмыс. Бүгінде автокөліктердің бөлшектері мен ұялы телефон ұрлығын ашу қиындаған. Өйткені ұрланған заттарды бөлшектеп сату арқылы қылмыскер өзінің қылмысын жасырады екен. Балалар мен жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша жұмыстардың нәтижесінде оларға қатысты жасалған қылмыстар саны жыл басынан бері азайған. Бұл туралы полиция полковнигі өзінің баяндамасында айтып өтті. Сонымен қатар полиция полковнигі фронт-офистің жұмысына тоқталып өтті. Содан кейін халықтың сөзіне құлақ түріп, сұрақтарына жауап берді. Мәселен, «Мыңбұлақ» мөлтек ауданының тұрғыны №1 балабақшаның алдында көліктердің жоғары жылдамдықпен жүруі балалар үшін қауіпті екенін айта келе, шара қолданылса деген тілегін жеткізді. Ал Рахимов пен Достоевский көшелерінің тұрғындары сыртқы бақылау бейнекамераларын орнатуды сұрады. Негізінен, тұрғындардың басым көпшілігі коммуналдық мәселелерге қатысты сұрақ қойды. Сондай-ақ, аялдаманың жайы сөз етіліп, қоғамдық көліктердің кестесіне шағым айтылды. Жиынды қорытындылаған Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мадимаров кездесу барысында қойылған сауалдар мен өтініштер ескерусіз қалмайтынын жеткізіп, тиісті сала мамандарына сауалдар жететінін айтты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close