Басты бетҚоғам

Өнертапқыштар мектебі

Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне қарасты техникалық шығармашылық орталығы 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл мекемеде бүгінде 3062 оқушыға білім беретін 94 педагог бар. Олар 28 үйірмеде компьютерлік сызба және анимация, ғарыштық үлгілеу, судоүлгілеу, авиа, авто ісі, робототехника, автослесарь, этнодизайн, математикалық логика, сәулет өнері техникасы бойынша тәлім беруде.

Жалпы, техникалық шығармашылық орталығының жеткен жетістіктері аз емес. Оған осы орталықтың оқушыларының түрлі жарыстардан жүлдемен оралып жүргені дәлел. Мәселен, биыл маусым айында ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) республикалық жарысында осы орталықтың командасы І орынды иеленген. Сондай-ақ, қосымша білім беру мекемесі спорттық турнирлер мен шығармашылық және техникалық байқауларды көптеп ұйымдастырып тұрады. Мысалы, облыстық газеттермен бірге жас қаламгер байқауын ұйымдастырады. Облыстық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам», қалалық «Математикалық логика» сынды байқаулар да осы орталықта өткізіліп келеді. Бұлардың барлығы оқушыларды іскерлікке, шеберлікке, шығармашылыққа баулитыны өз алдына, алға ұмтылуға, бұдан да жоғары жетістікке жетуге ынталандырады. Сонымен қатар, орталықтың тәрбиеленушілері әртүрлі жинақтарға шығып тұрады. Мысалы, 2014 жылы «Алтын қор», 2018 жылы Тараз қаласының жинақ кітабына, 2012 жылдан бері Орта Азиядағы ЮНЕСКО ұйымы өткізетін «Балалар әлемді бейнелейді» кітабына енген. Ал орталықтың өзіне оралар болсақ, бүгінде 4 филиалы жұмыс істейді. Онда озық ойлы оқушыларды тәрбиелеп, олардың шығармашылық, техникалық әлеуетін арттыру бағытында жұмыс атқарылуда. Жалпы, техникалық шығармашылық орталығын бір қырынан алғанда өнертапқыштардың мектебі деуге де болады. Бұл бағытта да бүгінге дейін көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген орталық алдағы уақытта да толағай табысқа кенеле береріне сенім мол. Сондықтан да алдағы жұмысына сәттілік тілейміз.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close