Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғам

Қошқаратада көкпардан аймақтық турнир өтті

Жуырда Жамбыл облысы Жуалы ауданының Қошқарата ауылында «Жастар ресурстық орталығының» кубогі үшін көкпардан аймақтық турнир өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында және жастар арасында ұлттық ат спортын дамыту мақсатында «Жастар жылына» орай атшабар алаңында өткен шараға Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің жастарынан құралған командалар қатысты.

Тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, марапаттау рәсімі де өтті. Сонымен жарыста бірінші орынды Қошқарата ауылының командасы иеленсе, екінші орынға Рысбек Батыр командасы тұрақтады. Ал жүлделі үшінші орынға Ақтасты командасы жайғасты. Осылайша, төрешілердің шешімімен жүлделі орынға ие болған командалар дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал аудандық жастар арасындағы көкпардан өтетін сайысқа Қошқарата командасы жолдама алды.

Жалпы, атқа міну мәдениетінің ертеден басталғаны жөнінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылғаны мәлім. Мақалада атқа міну, оны баптау туралы жақсы жазылған. Әрі жылқы малы қазақ халқының өмірімен бір жасасып келе жатқан жануар екені белгілі. Сол себепті де, ат спортын дамыту қазаққа жат болмасы анық. Әрі биыл Жастар жылында ауылда ат спортын дамытуға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантарлық жәйт. Негізінде, жастар атқа мініп, жылқыға жақын өсетін болса, өздері үшін пайдалы екені айтпаса да белгілі. Ал егер ауылдарда ат спорты түрлерін дамыту қолға алынатын болса, тіпті, нұр үстіне нұр. Жалпы, атқа мінген қазақтың рухы мықты болады деген сөз бар. Ендеше, Жастар жылында ғана емес, басқа кезде де ат спортынан түрлі жарыстар өткізіліп тұрса және игі істің басы-қасынан жастар табылып жатса керемет болар еді. Жоғарыда Жуалы ауданында ұйымдастырылған турнир үлгі болуға әбден лайық деген ойдамыз.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close