Басты бетЖаңалықтарХабарландыруҚоғамӘлеумет

Таразда «JÁRDEM-109» орталығы іске қосылды

Жуырда «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Тараз қаласының «JÁRDEM-109» бірыңғай диспетчерлік орталығы іске қосылды, − деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Бұл – халықпен кері байланыстың бірыңғай жүйесі әрі қала тұрғындары үшін әмбебап көмекші. Енді әкімдікке келіп, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Қоңырау шалу немесе хабарлама жіберу жеткілікті. Осылайша, сіздің мәселеңізді шешу жолдары барынша жеңілдетілген. Аталған орталық 1000-нан астам қызмет түрлері бойынша өтініш қабылауға әзір. Ол Төле би көшесі, №35 мекенжайда орналасқан және 2-қыркүйектен бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін 276 өтініш қабылдап үлгерген орталық болашақта «Facebook», «Telegram» және «WhatsApp» арқылы да жұмыс істейтін болады.

«Тараз қаласының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі» КММ-нің директоры Александр Необъявляющий аталмыш мекеме Тараз қаласының тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында құрылғанын және коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелер, жергілікті мемлекеттік қызметтер және әкімдіктің қызметіне байланысты басқа да мәселелер бойынша әртүрлі коммуникация құралдары арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының өтініштерін қабылдау басталып кеткенін айта келе, қоңырау шалу тегін екенін жеткізген еді. Сондай-ақ, ол бұл жобаның Нұр-Сұлтан қаласында тәжірибеден өткенін айтты. Расында да, естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр Астанада өткен VIII Азаматтық форумда «iKomek» мониторинг және жылдам әрекет ету орталығының артықшылығын айтқан болатын. Және халықпен қарым-қатынасты нығайтуда заманауи цифрлы технологияларды қолдану қажеттілігі туралы айтып, «Оның жарқын үлгісі – Астанадағы «iKomek» мониторинг және жылдам әрекет ету орталығы. Бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне тарату керек. Аталмыш шаралар мемлекеттік органдарының жұмысындағы ашықтық пен тиімділікті арттыруға көмек береді. Бұл – біздің бәріміздің ортақ міндетіміз. Олар азаматтық қоғаммен бірге атқарылатын жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді», – деген еді. Расында да, тиімді қызмет көрсетудің бұл үлгісі алғаш елордада iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы болып ашылған болатын. iKomek орталығы еліміздің астанасында 2018 жылдың басынан бері орын алған жағдаяттар мен апаттарды шешуде коммуналдық және жедел қызметтер жұмысын үйлестіру және бақылау, сонымен қатар азаматтардың өтініштерін қабылдау мақсатында жұмыс істеп келеді. Енді мұндай орталық Таразда да ашылды. Енді оның тиімділігі мен артықшылығын тараздықтар да сезінетін болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close