Басты бетЖаңалықтарМәдениетТаным

ТУҒАН ЖЕР – ТҰНҒАН ШЕЖІРЕ

Жуырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы бойынша Жамбыл облысы Жуалы ауданы Шақпақ ауылдық округінде «Туған жер – тұнған шежіре» тақырыбымен тарихи-мәдени орындарға экскурсия ұйымдастырылды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Өлке тарихын жастарға насихаттау арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу және тарихи-мәдени ескерткіштермен таныстырып, танымдық көкжиегін кеңейту мақсатында Шақпақ ауылдық округі әкімшілігі аппараты мен жастар ісі нұсқаушысы А.Ахметовтің бірлесе ұйымдастыруымен өткен экскурсияға Шақпақ ауылдық округінің әкімі М.Бектұрғанов бастап мектеп мұғалімдері, оның ішінде тарихшылар мен ауыл жастары қатысты.

Саяхатшылар алдымен Шақпақ елді мекенінің оңтүстігінен 500 метр жерде орналасқан 8-10 ғасырлар аралығында болған Шақпақ (Кременевск) қалашығына барды. Экскурсия барысында сөз алған тарихшы Г.Асемова осы өлкеден шыққан батырлар, ақындар мен ауданға еңбегі сіңген азаматтардың есімдерін атай отырып, туған жердің тарихынан сыр шертті. Бұл қалашық теңіз деңгейінен 1123 метр биіктікте орналасқан. Қалашық Шақпақ белінің үстінде Алматы-Ташкент автомобиль жолының дәл іргесінен орын тепкен. Қалашықтың орнын В.Каллаур, Г.Пацевич, К.Байпақовтар зерттегенмен онда қазба жұмыстары әлі жүргізілмеген. Шақпақ қалашығының орнын жергілікті жұрт «Қалмақтөбе» деп те атайды. Ол жерде ескі қорым бар деп қалашық туралы біраз мәлімет беріп кетті.
Саяхатшылар бұдан соң аймақтың көркін келтіріп, ажарын аша түсіп, онтүстіктен солтүстікке қарай ағып жатқан Шақпақ өзені бойына келді. Тарихшы Н.Дербісалиев өзеннің тарихы туралы айта келе, «Шақпақ өзені Жуалы ауданындағы басты өзендердің бірі болып табылады. Ол ежелгі Мыңбұлақ қалашығының Шығыс жағындағы бірнеше бұлақтардан бастау алады. Шақпақ, Ынтымақ, Қарасаз елдімекендерінің тұрғындары Шақпақ өзенінің суын төңірегіндегі егін алқаптарын суғаруға пайдаланады. Шақпақата елді мекенінің оңтүстік жағындағы тау беткейінен соғыстан кейінгі жылдары канал қазылып, құламадан аққан суға шағын электр станциясы орнатылған. Ол станция 1959 жылдарға дейін маңайындағы ауылдарға ток көзін беріп тұрды», – деді. Бұдан кейін экскурсияға қатысушылар ауылдың оңтүстік-батысында жақпар тастары айбар берген «Шақпақ тауына» бет бұрды. Шақпақата елдімекенінің 600 метрдей оңтүстігінде, Шақпақ қалашығының шығыс беткейінде, шоғыр тау жыныстарындағы киелі «Шақпақ» әулие үңгіріне барды.
Бұл жерде тарихшы Ш.Далбаева Шақпақ үңгірі туралы мынандай мәлімет бере кетті. «Үңгірдің тереңдігі 5,5-6 метрге, биіктігі 2,5 метрге жуық. Сонадайдан қарасаң ашуланып, шабынғалы тұрған боранды елестететін алып тас тұлғаның төменгі жағында түрегеп тұрған кісі еркін сиятын үлкен тас үңгір бар. Үңгір тауды тесіп салған туннельге ұқсайды. Ол әрі қарай ұзаған сайын конус тәрізді жіңішкере береді. Жергілікті халық ежелден мұны «Шақпақ тастың киесі» – «Шақпақ ата әулиенің мекені» деп таниды. Содан үнемі әулиеге құрмет көрсетіп, зиярат жасап келеді. Әулиенің басына күтім жасап отыратын шырақшысы бар. Шақпақ ата әулие жерінен 200 метрдей жерде бүйірінен бүлкілдей қайнап шығатын бастау бар. Халық оны «Шақпақ ата әулиенің бастауы» деп құрмет көрсетеді, суын емге пайдаланады» деп сөзін аяқтады.

Осылайша, үлкендер мен өскелең ұрпақтың арасында рухани сабақтастық орнап, мәнді де мағыналы саяхат болды. Жастар шара барысында ерекше әсерге бөленгенін, өлке тарихына қызығушылығы оянғанын айтып, саяхатқа қатысушылар естелік суреттерге түсіп жатты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close