Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

«Нұрлы жер» бағдарламасы қалай орындалуда?

Бүгінде Тараз қаласында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламалары аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы «Ақпарақ» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған бағдарламаларды іске асыруға ҚР Ұлттық қорынан және жергілікті бюджет есебінен қаражат қарастырылған. Осы орайда аталған қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының партия фракциясы жанындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша комиссия мүшелері облыс орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына рейдке шыққан болатын.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл 45 жобаны іске асыруға 16,6 миллиард теңге қарастырылыпты. Оның ішінде «Жылумен қамту жүйелерін жаңғырту» бағыты бойынша республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге несие бөлінген. Бөлінген қаражат аясында облыс орталығындағы Сыпатай батыр, Көшеней, Абай, Қойгелді, Ниетқалиев көшелері, Жамбыл даңғылы бойынша ЖЭО-4-тен бастап М-2 жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелері бойынша ЖЭО-4-тен бастап М-4 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, бұлар өткен жылдың өтпелі жобалары. Жобаларды іске асырудың нәтижесінде 9,3 шақырым жылу желілері жаңғыртылмақ.

Дей тұрғанмен, рейд барысында бірқатар кемшіліктер де анықталды. Ол туралы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Абай Нұржанов: «Бүгінде қалада «Жылумен қамту жүйелерін жаңғырту» бағыты бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ ол жұмыстардың барысында кестеден кешігулер байқалады. Себебі жұмыс уақытында басталмаған. Яғни сәуір айының 4-жұлдызында басталуы тиіс құрылыс мамыр айының ортасында басталған. 31 тамызда аяқталуы тиіс жұмыстар қалада әлі де жалғасып жатыр. Алдағы уақытта партияның бақылау комиссиясының отырысында аталған жұмыстардағы кемшіліктерді қарап, ұсыныстар беретін боламыз, – деді. Комиссия мүшелері, сондай-ақ, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 15-ықшамауданда салынып жатқан пәтерлердің сапасына көз жеткізді. Ондағы жұмыстың барысына көңілі толатындықтарын білдіріп, құрылысшыларға сәттілік тіледі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close