Басты бетЖаңалықтарСаясат

Президенттің алғашқы 100 күні

Неге 100 күн? Президенттің алғашқы 100 күні концепциясы АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельттен бастау алған деген түсінік бар. Ол 1933 жылы Ұлы тоқырау уақытында билікке келіп, алғашқы үш айдай мерзімде кедейлерге көмек беретін, жұмыссыздықпен кү­ре­сетін, банктерге сенімді қалпына кел­тіретін 15 заңды қабылдатып үлгерген екен. Осы саяси дәстүр кейінгі ел басшыларына да әрі мұра, әрі сын ретінде қалып келеді. Кез келген Президент қыз­­метіне кіріскен өзінің алғашқы 100 күнін­де мемлекетті басқару, дамыту стра­те­гия­сын айқындап, нақты шешімдер қабылдап үлгеруі тиіс. 100 күн. Ұзақ та, қысқа да емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан та­ри­хындағы 2-ші Президент қызметіне 20 наурыз күні кірісті. 28 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы атанғанына 100 күн толды. Бұл мерзімде не атқарылды?

Қазақстандағы билік транзиті процесі биылғы Наурыз мерекесіне сай келді. Наурыз жыл жаңғыруының белгісі бол­ғандықтан, ұлттық мейрам мен саяси өзгерістің қатар келуін кейбіреулер жақ­сылыққа балап жатты. Алайда, жаңа Пре­­зиденттің алдында той тойлау­дан бұ­рын атқаратын міндеттері шаш­­етек­­­тен еді. Себебі 30 жыл ел басында бол­ған Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін саяси биліктің барлық институттарын сол қалпы тиімді жұмыс істетіп, экономиканы бәсеңдетпей, ақпан айында туған әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу қажет еді. Бұдан бөлек, халық ара­сында да, халықаралық қатынаста да Пре­зи­денттің моральдық билігін мойын­дату қажет болатын. Бұл үшін жай Конс­титу­ция талаптарын орындау жеткіліксіз. Ол қажырлы еңбекті, нақты нәтижені және белгілі уақытты талап етеді.

Президент Қ.Тоқаев жаңа қызметте бір­ден Премьер-Министр, Үкімет мүше­лері, Жоғарғы сот төрағасы, Ұлттық банк төрағасы және басқаларды қабылдап, елдегі жалпы жағдайдан хабардар болды. Алғашқы аймақтық сапарын Түркістан облысынан бастады. Оған бірнеше себеп бар еді. Біріншісі, басқа өңірлерде әлі қалың қар жатқанда, Наурыз мерекесі жылы өңірде кеңінен аталып жатты. Екіншісі, Түркістан – тұғырлы қала. Талай ханға астана болған шаһар әрі 21 хан жерленген мекен. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етпей кетуге тағы болмайды. Үшіншісі, бұл аймақта қалың қазақ отыр. Шымкент қаласын қоса алғанда 3 миллионнан аса ел бар. Халықтың қолдауын табу аса маңызды. Сапар барысында жергілікті жұртшылық жаңа басшыға ақжол тілеп жатты.

Сыртқы саясат. Кезінде Г.Киссинж­дер «Дипломатия – бұл күштерді жүгендей алу өнері» деген еді. Бұл сөз Қазақстанның геосаяси жағдайында өзгелермен терезені тең ұстап, қатынасты бұзбай келуін си­пат­тайтындай. Жалпы, әрбір жаңа пре­зи­денттің сыртқы саясатта қандай бағыт ұстанатынын, қай мемлекетке алғаш бет бұратынын сарапшылар, алыс-жақын елдер бақылап отырады. Себебі сол арқылы елбасшы дипломатиядағы өз басымдықтарын байқатады. Прези­дент Қ.Тоқаев – тәжірибелі дипломат. Халықаралық аренадағы ондай жа­зыл­­маған заңдылықтардан хабардар. Сон­дықтан Ресей президенті В.Путин­нің шақыруын қабыл алып, алғашқы шетелдік сапарын солтүстік көршіден бас­тады. Әрине оның да себептері жет­кілікті. Әлемде құрлықтағы ең ұзын ортақ шекара, бір экономикалық ұйым аясын­дағы одақтастар, көрші, стра­те­гиялық әріптес. Мұның барлығы ескерілді.

Ресейден кейін көп өтпей шетелдік сапар Өзбекстанда жалғасты. Оның да себебі жоқ емес. 2019 жылы бұл елде Қ­азақ­стан жылы деп жарияланды. Оған қоса, Орталық Азиядағы ең ірі қос мемле­кеттің қарым-қатынасына аймақта көп нәрсе тәуелді. Екі елдің тауар айналымы былтыр 2,5 млрд доллар болған. Осы сапарда қос президент бұл көрсеткішті 5 млрд долларға жеткізуге келісті. Өзбек­стан шекарасын ашып, жаңа реформалар жүргізген сайын Қазақстанның тауар­ларына, шикізатына, географиялық-тра­н­зиттік жағдайына мүдделі болып барады. Бұл факторлардың барлығы ескерілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа лауазымда қатысқан шетелдік ұйымның алғашқы отырысы Бішкектегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті болды. Аталған басқосу аясын­да Президент Қытай төрағасы Си Цзинь­пинь, қырғызбасы Сооронбай Жээнбеков және басқалармен кездесті. Ұйымның жұ­мысын жетілдіру үшін бірнеше ұсы­ныс жасады. Сондай-ақ Қ.Тоқаев мау­сымда Душанбеде өткен Азиядағы өз­ара іс-қимыл және сенім шаралары ке­ңе­сінің V саммитіне қатысты. Жалпы, Пре­зи­дент сыртқы саясатта аса үлкен өзгерістер жасамай, Қазақстанның геосаяси жағдайынан туған көпвекторлы бағытты ұстанатынын көрсетті. 1990 жылдары өзі Сыртқы істер министрі ретінде осы бағдарды жасақтауға, жүзеге асыруға үлесін қосқан.

Аймақтар. Президент өз қызметіне кіріскен қысқа уақыт аралығында елдің көпшілік облыстарын аралап қайт­ты. Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Қызыл­орда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл облыстарында жұртшылықпен жолығып, жергілікті мәселелерді жылдам шешуді тапсырды. Бұл сапарлардың бірнеше мақсаты болды. Алдымен, жаңа Мемлекет басшысы ретінде өңірлердегі халықпен танысу, сайлау алдында қолдау табу. Бұдан бөлек, облыстардың жағдайын өз көзімен көріп, жергілікті мәселелерден хабардар болу. Сондай-ақ әкімдердің жұмысына да баға бергісі келген болар. Облыстарға барған сапарында Президент әр аймақтың ерекшеліктерін ескерді. Мәселен, Атырауда жұртты мазалаған жол сапасы, экология мәселесін көтеріп, шетелдік және отандық жұмысшы­лар­дың жалақысын теңестіруді тапсырды. Кеше­гі Теңіздегі жұмысшылар қақ­тығысы соңғы мәселенің қаншалықты маңыз­ды екенін көрсетті. Қостанайда шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Таразда Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасына кіріп шықты. Өзге өңірлерде ауыз су жайын талқылады.

Жалпы, аймақтар жаңа Президент­тің саяси тұғырнамасының басты бағ­дарының біріне айналды. Сол үшін сәті түскенде «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан» деген ұстанымын қайталап отырды. Арыс пен Атыраудағы (Теңіз) соңғы жайттар бұл дұрыс шешім екенін көрсетіп отыр. Облыстардың әл-ауқатын көтермей, тек орталықты дамыта беру ешбір елді әлі көгерткен емес.

Сайлауалды науқан және сайлау. Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңға сәйкес ел тізгінін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған соң Nur Otan партиясынан президент­тік сайлауға кім­нің кандидат болары түсінікті болды. Әрине кешенді саяси қолдау болған соң әрі өзгелерден саяси тәжірибесі мол бол­ған­дықтан Қ.Тоқаев сайлауда негізгі үміт­кер саналды. Бірақ бұл сынақтан абы­роймен өту қажет еді. Ол кандидат ретін­де электоратқа өз саяси платформа­сын ұсынды. Онда мемлекет дамуына қатыс­ты негізгі мәселелер жан-жақты қа­ралды. 

Президент әрі кандидат Қасым-Жо­март Тоқаевтың сайлауалды штабы қысқа уақытта осы бағдарламаны сай­лау­шы­ларға жеткізуге тырысты. Nur Otan партия­сы жаңа саяси технология қол­данбады. Жылдар бойы сынақтан өткен танымал кісілерді кандидаттың сенімді өкілі етіп, аймақтарды аралау деген ескі әдісті қайталады. Тек бұл жолы әлеу­меттік желідегі жұртпен жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлді. Бұл уақыт талабы екенін бәрі түсінді.

Сайлау додасы кандидаттар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әміржан Қосанов­тың арасында жүретінін көзі­қарақ­ты жұрт болжады. Солай болды да. Нәтижесінде, Қ.Тоқаев 70 пайыз, ал Ә.Қосанов 16 па­йыз дауыс жиды.

Жалпы, сайлауалды кампания барысында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын арттыру, жемқорлықты жою, жастарды мемлекеттік басқаруға араластыру, ауыз су жеткізу, өңірлерді дамыту секілді мәселелерге назар аударды. Иә, бұл тәуелсіздік алғалы бері шешімін то­лық таппаған түйткілдер. Одан Үкімет те, халық та хабардар. Енді Президент оларды шешуге уәде берді. Уақыт көрсетеді.

Жаңа бастамалар. Билік транзиті жүріп, қанша сабақтастық сақталса да қоғам жаңа Мемлекет басшысынан жаңашылдық күтеді. Бұл – заңдылық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жақсы түсінеді. Сондықтан өткен 100 күнде ол бірнеше жаңа бастама көтерді.

Саяси платформада айтылған идея­ның бірі Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сін құру болды. Оның құрамына қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым­дар, БАҚ, партия, жастар ұйымдары өкіл­дері кіруі мүмкін. Кеңес заң жобалары мен даму бағдарламаларына қоғам­дық сараптама жасамақ. Әрине, бұған дейін де осы мәндес түрлі кеңестер құрыл­ды. Алай­да, олар тек кеңес беретін, консуль­та­тив­­тік деңгейде болған соң олардың ма­ңыз­дылығы уақыт өте келе азайып кетті. Сон­дықтан кезекті бұл кеңеске қатысты екіұдай пікірлер айтылып жатыр.

Президент Қ.Тоқаев, сондай-ақ бір­қатар әлеуметтік санаттағы азамат­тар­дың қарыз жүктемесін жеңілдету жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл санатта көп балалы, мүгедек баласы бар, асыраушысынан айырылған отбасы­лар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және жетім балалар бар. Шарт бо­йынша несиенің көлемі 300 мың теңгеге дейінгі қордаланған негізгі қарызы мен соған есептелген сыйақысын мемлекет төлеп бермек. Олардың жалпы қа­ры­зының көлемі 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Бұл көмек жарты миллион қазақ­стан­дықты қамтуы мүмкін. Әрине Үкі­мет алған қарызыңды өтеп жатса, оған кім қуанбасын? Дегенмен, өзгенің смартфон, теледидар алуға, той өткізуге алған несиесін біз неге өз салығымызбен, бюджет есебінен жабуымыз қажет деп тара­зының басына басқа заңды сұрақ қой­ғандар да аз емес. Себебі бұл Жарлықты орындау үшін барлығы 105 миллиард теңге қажет. Бұдан бөлек, Үкімет тарапынан осы жылдың басынан бері жасалып келе жатқан әлеуметтік көмектер кейбір жұмыссыз топты одан әрі масыл етуі әбден мүмкін. Қоғамда осындай кері құбылыс басталмас үшін несие төлеуге көмектесу шарасы бір рет қана болмақ және табысы төмен азаматтарға несие беру талаптары қатайтылмақ.

Заңды митингтер өткізуге рұқсат беру қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан тақырып. Әсіресе, сайлау уақы­тында бірнеше заңсыз пикеттер ұйым­дас­тырылғанда аталған мәселе кеңінен көтерілді. Президент сол кезде-ақ заң аясында митинг жасау азаматтардың құқығы екенін атап өтті. Мұндай пікірлер бұған дейін де Үкімет мүшелері тарапынан талай айтылғанымен, нақты ешбір қоғамдық ұйымға қала басшылығы тарапынан рұқсат берілген емес. Алайда, 30 мау­сым күні елорда мен Алматы қала­ларын­да заңды митинг өткізуге қала әкім­діктері келісім берді. Әрине мұн­дай мәселе Президент Әкімшілігі тара­­пы­­нан бақыланатыны белгілі. Бас­қаша айт­қанда, Мемлекет басшысы да келісіп отыр. Саяси заңдылықтар бо­йын­ша заң шеңберіндегі митинг – аза­мат­тық қоғамның бір белгісі. Оны өткізу қоғам ішінде қордаланған түйт­кіл­­дерді тануға, «әлеуметтік жарылыс­тар­дың» алдын алуға көмек беруі мүм­кін. Батыс елдерінің бар­лығы дер­лік осы жолмен жүрді. Сон­дықтан Прези­денттің пікірі нақты ше­шімге ұлас­қанын демократиялық про­цес­тің қарқын алғаны деуге де болады.

Арыстағы апат. 24 маусым күні Арыс қаласында жарылған әскери қойма тек бұл қалаға ғана емес, бүкіл оңтүс­тік өңіріне сынақ болды. Себебі бас аман­дығы үшін эвакуацияланған 45 мың­дай халықты көрші елді мекендерге жайғастыруға тура келді. Әрине Қазақ­стан тарихында бұрын-соңды бүкіл қала тұрғындары бір күнде ауа көшпеген. Сондықтан алғашқы күні түсініксіз жайт­тар көп болды. Дегенмен, сол күні кешке қарай Президенттің Арысқа барып, халықпен кездесіп, басу айтуы, ауру­ханадағы науқастардың халін сұрауы, жағдайды реттеуге тапсырма беруі көп­тің көңіліне сенім ұялатты. Сын сәтін­де халықпен бірге болу –  Мемлекет бас­шы­сының міндеті. Басқаша айтқанда, Арыс алғаш­қы апат ретінде жаңа Президентке де сынақ болды. Дереу бүкіл республикадан көмек аттанды. Араға апта өтпей, арыстықтар үйлеріне оралды. Жағдай тұрақтанды. Қаланы қалпына келтіріп, халыққа көмектесу бойынша Үкімет кешенді жоспар қабылдады.

Сөз соңында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіндегі алғашқы 100 күні тыныш өтті деуге еш келмейді. Жаңа сапарлар, сайлау, жаңа таға­йындаулар, халықпен жүздесу, ше­тел басшыларымен кездесу, жаңа стратегияны жариялау, ұлықтау рәсімі, Арыс, митингілер – бәрі болды. Барлығынан абыроймен өтті. Жоғарыда айтқандай, қоғамның Мемлекет басшысынан үміті зор, жаңашылдық, тың бастамалар, нақты нәтиже күтеді. Сондықтан Президенттің жауапты 100 күні жемісті өтті деуге толық негіз бар. 

Дереккөз: egemen.kz.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close