Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Басты мақсат – қауіпсіздік мәдениетін арттыру

Қазір «Өрт қауіпсіздігі айлығы» кезеңі екені белгілі. Осыған орай, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қалалық білім беру қызметкерлерімен бірлесе отырып, оқушылармен және оқытушы құраммен алдағы жылыту маусымына күнделікті өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау тақырыбында профилактикалық сабақтар өткізуде.

Тараз қаласының білім беру мекемелерінде өтіп жатқан бұл іс-шараның басты мақсаты – тұрғындар мен балалар арасында қауіпсіздік мәдениетінің деңгейін арттыру. Келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін балаларға отпен ойнаудың салдары мен төтенше жағдайлар кезінде өзін ұстау тәртібін жеткізу қажет. Балаларға өрттің алдын алу, өрт болған кезінде іс-әрекеттер түсіндірілді және де өрттердің болу себептері айтылды. Сабақ барысы күзгі-қысқы кезеңдегі тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары бейнеленген көрнекі құралдарды қолдану арқылы жүргізілді. Барлық аудиторияларында өрт қауіпсіздігі тақырыптарында бейнероликтер көрсетілді.

Өртті байқаған бала бірден «101» немесе «112» телефон нөмірлері арқылы өрт сөндіру қызметін шақыруы керек. Мүмкіндігінше жылдам жанып жатқан бөлмеден шығып, түтін шықпас үшін есікті жабу қажет, бірақ кілттеуге болмайды. Өрт кезінде лифт қолдануға болмайды. Сондай-ақ, жанып жатқан пәтерге ауа ағынын шектеу үшін есік пен терезелерді ашпаған дұрыс. Егер де далаға шығу мүмкін болмаса, балконға шығып, есікті мықтап жауып, өтіп бара жатқан адамдардың назарын аударуға тырысу қажет.

Осы іспеттес өрттің алдын алу мен өрт болған кезде жасалуы тиіс іс-әрекеттерді түсіндірген мамандар профилактикалық сабақты жоғары деңгейде өткізді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл іс-шара Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері мен қалалық білім беру қызметкерлерінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтуде.

 Кайрат ОРАЗБАЕВ, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close