Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда өрт қауіпсіздігі бойынша сенбілік өтті

Жуырда Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» қызметкерлерімен, сондай-ақ жергілікті полиция қызметімен, «КазТрансГазАймақ» АҚ ЖПФ және «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының белсенді, ерікті жастарымен бірлесе отырып,  өрт қауіпсіздігі бойынша сенбілік өткізді, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Жалпы, тұрғын үй секторында, әсіресе, жеке үйлерде көп жағдайда өрт күзде және қыста шығып жатады. Және басым көпшілігі жылыту пештеріндегі ақаулармен байланысты немесе дұрыс пайдаланбаудың салдарынан болатыны жасырын емес. Сол себепті де, арнайы мамандар бірігіп, тұрғын үй секторында «Кайнар»,  «Камукат», «Сахзавад», «Казпоселок» және «Бурыл-В» аудандарында рейдтік шаралар ұйымдастырып, аулаларды жеке-жеке аралап шыққан болатын. Шараны өткізудегі басты мақсат – алдағы жылыту маусымы кезеңінде өрттің көбеюі, сондай-ақ адамдардың қаза болуы немесе жарақат алуына және улы газбен улану оқиғаларына жол бермеу және алдын алу болып табылды. Міне, осындай аса маңызды шаруаны көздеген іс-шара өз деңгейінде өтті деуге болады. Мамандар аулаларды аралап, жергілікті тұрғындармен сөйлесті, өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керек деген мәселе төңірегінде кеңес беріп шықты. Іс-шара барысында тұрғындар «улы газ», «өрт кезіндегі іс-қимылдар» және «жылу беру маусымындағы қауіпсіздік» туралы толық мағлұмат алып, жаднамалар мен парақшалар таратылып, нұсқау берілді. Ал тұрғындар өз тарапынан осындай сипаттағы іс-шаралардың үнемі жүргізіліп отыруына қолдау танытатындықтарын білдіріп, сала мамандарына алғыстарын білдірді. Осылайша, Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, Жамбыл облысы Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, «КазТрансГазАймақ» АҚ ЖПФ және облыстық «Жас Отан» жастар қанатының белсенді жастары үлкен іс-шара өткізіп, жергілікті жұрттың алғысына бөленді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close