Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда пәтер кезегіне 18349 адам тіркелген

Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің негізгі міндеті – тұрғын үй қорын басқару саласын мемлекет тарапынан бақылау, қадағалау. Қазіргі таңда шаһардың тұрғын үй қорында 1298 көппәтерлі тұрғын үй бар. Кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында 981 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Бұл қаладағы үйлердің 85,5 пайызын құрайды.

Бұл туралы Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев өзінің бір сұқбатында айтқан болатын. Сондай-ақ, бөлім басшысы көпқабатты тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстарын жүргізудің тәртібі туралы да айтып өтті. Мәселен, жергілікті тұрғындар арасында жылда күз-көктем мезгілдерінде үлкен жиналыс өтіп тұрады екен. Сонда жыл бойына атқарылған жұмыстар жөнінде тұрғындар алдында есеп беріліп, жөндеу мәселесі жөнінде айтылады. Сондай жиындарда бөлім тарапынан қордаланған мәселені шешу үшін тұрғындардың келісімі алынады. Бірақ, өкінішке орай, мұндай жиындарға тұрғындар мүлдем қызығушылық танытпайтын көрінеді. Ғазиз Ералиев бір ай бұрын хабарлағанның өзінде жиналысқа 90 пәтерлік үйден тек 15-20 адам ғана қатысатынын айта келе, «қалғандары өздері тұрып жатқан үйдің жағдайынан мүлдем хабарсыз болып жүре береді» дейді. «Негізі, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісін ақтау, сырлау секілді ағымды жөндеу жұмысы бес жылда бір рет кесте бойынша жүргізіледі. Ал есік, шатыр және құбырлар әрқайсысына бекітілген нормативке сәйкес ауыстырылады. Мысалы, норматив бойынша су құбырларын 15 жыл, жылу құбырларын 20 жыл, шатырларды 30 жыл бойы пайдалануға болатын болса, сыртқы есікті 15 жылда бір рет ауыстырып тұру керек».

«Биылғы жылдың ақпанынан бастап тұрғын үй қатынастары бөліміне «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және оларды кезекке қою» мемлекеттік қызметін жүзеге асыру құқығы берілді. Қазіргі таңда қалада мемлекеттік қордан пәтер алу кезегі тізімінде 18349 адам тіркелген. Олардың 1944-і кәмелетке толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 5836-сы мемлекеттік қызметшілер, 8850-і әлеуметтік жағынан қорғалған азаматтар қатарына жатса, көпбалалы отбасылардың саны 1719-ды құрап отыр. Биыл мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінің тізіміне тіркелген азаматтарға 140 пәтер берілді», – дейді бөлім басшысы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close