Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 28 жыл. Ал 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні. Осыған орай, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков жуырда Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен, әскери қызметін өткерген азаматтарды қабылдады, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Жиынға, сондай-ақ, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков пен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков қатысты. Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы апат аймағында әскери борыштарын өтеген азаматтардың еңбегі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын және бүгінгі бейбіт заманда олардың еліміздің дамуына өз үлесін қосып отырғандары жас ұрпақ үшін қашан да үлкен үлгі-өнеге екенін жеткізді. «Тәуелсіз еліміз бүгінде даму үстінде. Алдымызда үлкен міндеттер күтіп тұр. Еліміздің бұдан да жарқын болашағы үшін барлығымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір ұсыныс, пікірлеріңіз болса, мен қашанда тыңдауға, мүмкіндігінше көмектесуге дайынмын», – деп ардагерлерді еркін пікір алмасуға шақырды. Облыстық «Чернобыль-Семей» қозғалысының төрағасы Шынарбек Райысбеков сөз кезегін алып, ардагерлердің атынан алғысы мен өтініш-тілектерін жеткізді. «Мен жақында ғана Қырғызстанда болдым. Ол жақтағы Семей полигонына қатысқан азаматтарға біздің елдегідей жағдай жасалмаған екен. Біздің мемлекетте тиісті оңалту, сауықтыру емдерін қабылдауға жеңілдіктер жасалған, арнайы жәрдемақылар беріледі. Қысқасы, Үкімет тарапынан қолдау бар. Сондықтан барды бағалай отырып, Үкіметке, сіздерге алғысымызды білдіреміз. Әрине, Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеген азаматтардың барлығының денсаулығы нашар. Олардың отбасында балаларының кемінде біреуі мүгедек болып туған. Қашанда Үкіметтің қолдауын, көмегін қажет етеді. Көбінде біздің ардагерлердің ауруханаға барғанда кейбір мамандардың жұмысына салғырт қарауы, дұрыс қабылдамауы көңілдеріне сызат түсіреді», – деді Шынарбек Райысбеков.
Әрі қарай ардагерлер кезектесіп сөз алып, көкейлерінде жүрген мәселелермен бөлісті.
Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков әңгіме барысында тарих үшін айтылған маңызды ұсыныстарын құптай келіп, елімізге амандық, ауызбіршілік тіледі. Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы кездесуді қорытындылай келе, ардагерлерге естелікке сый-сияпаттар тапсырды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close