Басты бетСаясат

Аудандық мәслихат осылай қалыптасқан еді

Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты экономикалық, әлеуметтік, рухани салалардағы сияқты, мемлекеттік басқару жүйесінде де түбегейлі өзгерістер болғаны белгілі. 1992 жылы жергілікті жерлерде әкімшілік басқару жүйесі енгізілді. 1993 жылы, уақыт талабына қарай, ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық халық депутаттарының кеңестері өз өкілеттіктерін тоқтатты. Осы жылы желтоқсан айында шыққан «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы» Заңда жергілікті басқару органдары болып табылатын әкімдіктер мен депутаттар мәслихаттарының атқаратын қызметі, оның шегі, нақтылы міндеттері, ара жігі айқындалып берілді. Осы жылы «Сайлау туралы» Заң шығып, 1994 жылдың 6 наурызында аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттардың сайлауы өткізілді.

Бұрынғы Кеңес дәуірінде аудандық кеңеске әр ауылдан бір-бірден, ал ірі елді мекендерде бірнеше округтен құрылып, 70-тен астам депутат сайланса, бұл жолы округтер де, депутаттар саны да ықшамдалып, алғашқы мәслихатқа аудан бойынша 17 депутат сайладық.
Сайлаудан кейін жиырма күннен астам уақыт өткенде бір күні аудан әкімі Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев таңертең мені өзіне шақырды. Келсем бір парақ қағазға үңіліп отыр екен. «Биылғы сайланған мына депутаттардың ішінен мәслихатты басқаруға сенен лайық бірде-бір адам таба алмай отырмын. Қалай қарайсың, мәслихатқа хатшы болып барасың ба?»,- деп әкім маған сұраулы жүзбен қарады.
Аудандық газеттің редакторы болып істеп жүрген, өзімнің журналистік сүйікті кәсібімнен басқа лауазымдық қызмет пен мансапты армандап көрмеген мен үшін бұл тосын жағдай болды. Бұрын «редактор» деген дырдай атым бар еді, ал енді «хатшы» деген термин құлағыма тосын естіліп, жаныма бөтендеу тиіп тұрған жайы бар. «Мырзахан-ау, газетке бір редактор табылар, ал мәслихатты басқаруға лайық адам таба алмағанымыз қиын болды,-деп әкім Ерекең қолдағы тізімді тағы шолып шықты да:
– Депутаттармен ақылдасып бұл қызметке өзіңді ұсынамыз. Бұл анау-мынау емес Президенттің бақылауында тұрған мәселе. Ертең бірінші ұйымдастыру сессиясына Президент әкімшілігінің өкілі қатысқалы отыр,- деді.
«Ойланайын» дедім жайбарақат. «Бүгін ойланып, отбасыңмен ақылдасып, ертең маған жауабын бер»,- деді әкім Е.Солтыбаев , ойлана қарап. Ауданның бірінші басшысы сенім артып, жауапкершілік жүктеп отырса бас тартқаным жөн болмас деген оймен ертеңіне әкімге келіп, келісімімді бердім.
Сөйтіп 1994 жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің инспекторы Санақ Әбеуовтың қатысуымен өткен аудандық мәслихаттың бірінші сессиясында мен мәслихаттың хатшысы болып бір ауыздан сайландым.
Сессияда маған сөз берілді. Мен өз сөзімде мәслихаттың өкілетті билік органы ретінде халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтінін, сайлаушылардың өтініш-тілектерін атқарушы органға жеткізіп, бұл мәселелердің тиянақты шешімін табуына қамқор болатынын және мемлекеттік заңдар мен заң актілерінің жергілікті жерлерде қалай орындалатынын бақылап отыратын буын ретіндегі рөліне тоқталдым. Депутаттар сенімін ақтауға уәде бердім, президент Әкімшілігінің инспекторы С.Әбеуов менің сөзіме ризашылығын білдіріп, алдағы жұмысыма сәттілік тіледі.
Осы сессияда аудандық мәслихат тексеру комиссиясының төрағалығына депутат Серпер Жансейітов сайланды. Екі адамнан ұйымдастыру бөлімі құрылып, оның меңгерушілігіне бұрынғы Кеңес аппаратының қызметкері Өсер Әмірәлиев, референттігіне Рақымжан Оспанов тағайындалды.
Депутаттар құрамынан қоғамдық негізде жұмыс істейтін үш тұрақты комиссия жасақталды.
Сөйтіп 1994 жылғы 30 наурызда 4 адамдық штаты бар ең алғашқы Жуалы аудандық мәслихаты өмірге келді. Бұрынғы аудандық Кеңестің билігі де, дүние-мүлкі де әкімдіктің иелігінде қалғандықтан, тұңғыш мәслихатттың мінер көлігі түргел бір бет қағазы, не бір қаламы, тіпті жазу машинкасы да жоқ жаңа отау құрған жас отбасындай шағын-шағын екі кабинетте жұмысын бастады. Жазған қағаздарымызды әкімдіктің машинисткасына бастырып, қаржымызды әкімнің бухгалтериясында есептетіп күн кешіп жаттық.
Жұмысты «нөлден» бастадық десем асыра айтқаным емес. Алғашқы өкімдер шығарып, сессиялардың шешімдерін бекітіп, папкаларымызға жаңа құжаттар тігіле бастады. Бұған дейін аудандық Кеңестің депутаты әрі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде Кеңес жұмысына төселіп қалғандықтан маған мәслихат жұмысын меңгеріп кету қиынға соққан жоқ. Алдын ала жасап, бекітіп алған жұмыс жоспарымыз бойынша сессияларда аудан бюджетін қарап, ел өміріне қатысты мәселелерді тыңдап, депутаттар сауалдарын қарап аяғымыздан тұрып кеткен едік.
Үш-төрт айдан кейін әкім бізге қызметтік көлік бергізді. Бес жылға созылған бірінші шақырылымда көп қиындықтарды бастан өткерсек те мәслихаттың беделі мен абыройын көтеру жолында төккен теріміз зая кетпеді. 1999 жылы болған екінші сайлаудан кейін бізге бөлінген қаржы-қаражат көлемі өсіп, ең алғашқы компьютерді, кеңсе жабдықтарын алуға қол жеткіздік. Өзімізге хатшы-маман, есепші алып, жеке түтін түтете бастадық.
Жылдан-жылға мәслихаттың беделі артып, халық сеніміне ие болды. Депутаттарымыздың белсенділігін күшейту арқылы аудандағы көптеген әлеуметтік мәселелерді шешіп отырдық. Жаңадан мектептер, бала-бақшалар, клубтар мен кітапханалар ашу, ауылды газдандыру, жолдарды жөндеу ісі де мәслихат пен депутаттардың ықпалымен жүзеге асып жатты.
2003 жылғы сайлауда мен үшінші рет мәслихаттың депутаты және хатшысы болып сайландым. Бұл кезде аудандық мәслихат нағыз халықтың еркін білдіретін өкілетті органға айналған еді. Біз аудан әкімдігімен бірге жұмыс істеп, ел өміріндегі маңызды мәселелерді бірлесе шешіп, ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына қал-қадеріміз келгенше үлес қостық десем асыра айтқандығым емес.
2005 жылы ауданның жаңа әкімі Серғали Айдапкеловтың сұрануымен аудан әкімінің орынбасары болып ауыстым. Алайда Жуалы аудандық мәслихатын басқарған он бір жыл төрт ай уақыт менің өмірімде өшпейтін із қалдырды.
Мәслихаттың 25 жылдық мерейтойы құтты болсын, абыройы арта берсін.

Мырзахан АХМЕТОВ, Жуалы аудандық мәслихатының 1994-2005 жылдардағы депутаты және хатшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close