Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жерді тиімді пайдаланудың маңызы зор

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапарында Түктібай ауылындағы «Төлеген» шаруа қожалығына барды. Мұнда облыс басшысы қожалық иелігіндегі жерлерді тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мал және егін шаруашылығымен айналысатын «Төлеген» шаруа қожалығына қарасты жалпы жер көлемі 310 гектарды құрайды. Өзіне қажетті техникалары да бар екен. Айта кетейік, қожалық ағымдағы жылы өз қаржысына 200 малға арналған сүт тауарлы фермасын іске қосуды жоспарлауда. Чехия мемлекетінен сатып алынған 64 асыл тұқымды мүйізді ірі қара малды «Аграрлық несие коорпорациясы» АҚ кепілдік ретінде өзінде бар мүлікті және ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан төленетін субсидия көлемін толық аударып беруді сұрауда. Аталған мәселенің мән-жайына қаныққан облыс басшысы оның түйінін тарқатудын тиісті жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Сондай-ақ, облыс әкімі өзінің жұмыс сапарында Жуалы ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінде болып, жергілікті халықпен осы жерде жүзеге асырылып жатқан тұрғындардың тұрмысын арттыруға қатысты пилоттық жобаны талқылады. Ауылдықтармен кездесу барысында Асқар Исабекұлы бұл жобаның Үкіметтен қолдау тапқанын, ендігі кезекте оны жүзеге асырудың нақты қадамдарын жасаудың сәті туып отырғанын жеткізді. Аталған төлқұжатқа сәйкес Ақтөбе ауылдық округінде 494 аула бары анықталған. Ауылдық округтегі жеке қосалқы шаруашылықтарындағы барлық жер көлемі 78,0 гектарға тең. Бұл жерлерді ұтымды ұқсатып, қомақты табыс көзіне айналдыру – қолға алынған ауқымды жобаның бес бағытының біріншісіне белгіленген. Кездесу барысында тұрғындар аймақ басшысының бастамасымен қолға алынғалы жатқан жобаның бастауы – пилоттық кезеңіне енгендеріне ризашылықтарын білдірді. Ақтөбеліктердің дені 2,5 пайызбен әрі тиімді шарттармен берілетін несиеге қол жеткізуге асық. Олардың бірқатары осынау қолдау арқылы үй іргесіндегі жерінің игілігін көру жолында тер төгуге дайын болса, енді бірі мал шаруашылығы арқылы тұрмыс шырайын арттырмақ ниетте. Сонымен қатар, «Злиха» шаруа қожалығының жұмысымен танысқан өңір басшысы қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиевтің картоп тұқымын жаңартуда облыстық бюджеттен қолдау болса деген өтініш-ұсынысын тыңдап, бұл бойынша қажетті шаралар зерделенетінін жеткізді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close